Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев Samruk Business Forum отандық тауар өндірушілерді қолдау форумына қатысты

Ақорда, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.02.2021 22:34 Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның экономикалық салдарымен күрес кезінде мемлекеттік ірі корпорациялар мен бизнес өкілдері арасындағы серіктестікті қолдаудың маңызы арта түскенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Samruk Business Forum отандық тауар өндірушілерді қолдау форумына қатысты, деп хабарлайды zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі форумның отандық бизнес өкілдері мен "Самұрық-Қазына" қоры үшін маңызды басқосу екенін айтты. Атап айтқанда, жалпы сомасы 67 миллиард теңгеге тікелей офф-тейк немесе алдын-ала жасалған келісім-шарттар мен стратегиялық келісімдерге қол қойылған. Президент қордың жұмысына оң баға берді, деп хабарлады Ақорда сайты.

– 15-тен астам бағыт бойынша өте жақсы және мазмұнды жоспарлар бар. Атап айтқанда, холдингтің сатып алуларын оңтайландыру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылған. Кәсіпорындарды, оның ішінде, тұралап қалған компанияларды қолдау бағдарламалары әзірленген, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның экономикалық салдарымен күрес кезінде мемлекеттік ірі корпорациялар мен бизнес өкілдері арасындағы серіктестікті қолдаудың маңызы арта түскенін атап өтті.

– Озық технология, өнімді нарыққа таратудың ұтымды саясаты және білікті мамандар – табысқа жетудің негізгі көзі. Оны іс жүзінде дәлелдеген компанияларымыз аз емес. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз әділ бәсекеге түсіп, ұзақмерзімді келісім-шарттарға қол жеткізе білді. Бұл – Қазақстанда өндірілген өнімнің сапасы жоғары деген сөз. Сондай-ақ бірқатар компания экспорт нарығын игеруде. Осы компаниялардың бірқатары өз тауарын экспортқа жөнелтіп жатыр. Бірақ ондай кәсіпорындардың саны көп емес екенін мойындауымыз керек. Сондықтан мемлекет пен мемлекеттік корпорациялар тарапынан ұдайы қолдау көрсетіле береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, отандық өндірісті дамытуда квазимемлекеттік секторға, әсіресе, "Самұрық-Қазына" қорына өте маңызды міндет жүктеліп отыр. Мемлекет қор арқылы бизнестің кез келген түріне қолдау көрсете алады. Президент өз сөзінде бірлескен инновациялық әзірлемелердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, қорға қарасты ірі кәсіпорындардың айналасында құн тізбегін құруға, инфрақұрылыммен көмектесуге, адам капиталын дамытуға, экспорттық нарықтарды игеруге басымдық берді.

– Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алуларда жергілікті өніммен қамтамасыз ету мәселесін көтердім. Сатып алу конкурстарында импорттық өнімдерді отандық тауар ретінде көрсету әлі де кездеседі. Бұны мойындау керек. Мұндай жағдайлар жауапкершіліктен жұрдай кәсіпкерлер мен квазимемлекеттік сектордың осындай әрекетке көз жұмып қарайтын қызметкерлерінің кесірінен орын алып отыр. Бұл бизнестің басты қаупі, оның дамуына кедергі келтіреді. Біз қазірдің өзінде квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін тиісті әкімшілік жауапкершілікті енгіздік. Үкімет те, қор да бұл мәселені қатаң бақылауы керек. Кәсіпкерлер мұндай мәселелердің тез әрі тиімді шешілуін күтеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті өнімді анықтайтын әдістің өзін жетілдіру керек деп санайды. Ал онда екіұштылық пен әртүрлі түсінік болмауы керек. Бұл өз кезегінде өнеркәсіп саясатын дұрыс құруға, қолдау механизмдерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сатып алу процесінің барлық кезеңдерін ашық өткізу маңызды жұмыстың бірі.

– Жұрттың сатып алу жоспары мен шарттары туралы ақпаратқа қол жеткізе алмауы, құпия сөз байласып шешім қабылдау деген сияқты әрекеттің бәрі өткен күннің еншісінде қалуы тиіс. Бұл маңызды мәселеде оң өзгерістер басталғанын айта кеткім келеді. Аталған саланы цифрландыру «қисынсыз» шешімдерді тез анықтауға және сүзгіден өткізуге, артық бағалардың алдын алуға және сапалы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға мүмкіндік береді. Тендерлер мен конкурстық комиссиялардың шешімдері арасында келіспеушілік туындаған жағдайда ондай дауларды шешудің ашық механизмін әзірлеу қажет. Осы және басқа да аспектілер "Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу туралы" Заңда бекітілуі керек. Заң жобасы Парламентке жіберілді. Депутаттардан мұны осы сессияда мұқият қарап, қабылдауды сұраймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы мемлекет меншігінен шығару жолында нақты жұмыстар істеліп жатқанын атап өтті. Бұл отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тағы бір мүмкіндік. 2025 жылға дейінгі жекешелендірудің жоспарына 700-ге жуық мемлекеттік кәсіпорын енеді.

Оның 112-сі "Самұрық-Қазынаның" құрылымына кіреді. Президент өз сөзінде мемлекет меншігінен шығару саясатының үш негізгі қағидатын атады.

Бірінші, жекешелендіру жеке монополистердің пайда болуына жол бермеуге тиіс. Өкінішке қарай, бізде инфрақұрылымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін орынсыз жекешелендірулерге жол беруге болмайды. Мысалы, темір жолдар мен тұйықтар, өнім тасымалдайтын құбырлар. Бұл жөнінде Үкіметтің жуырда өткен отырысында айттым. Мұндай олқылықтарға енді жол бермеу керек. Бұған Үкімет пен қор жауапты.

Екінші, активтерді жекеге сату бюджетке түсетін салмақты азайтуға септігін тигізуі қажет. Жеке компаниялар өз табыстарының басым бөлігін бюджеттік тапсырыстардан, жеңілдіктерден, гранттардан және басқа артықшылықтардан емес, өз тауарларын экспортқа шығару және көрсететін қызметтері арқылы нарықтан табуы керек.

Үшінші, жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуы тиіс. Кез келген кәсіпорынды жекешелендіруді оның тиімділігін жақсарту, ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттыру деп түсіну керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Президент жекешендірудің барлық процесінің ашық өтуіне ерекше тоқталды.

– Жекешелендіру мемлекеттік меншікке қатысты болғандықтан азаматтарымыз оның барлық шартын білуге құқылы. Қоғамдық бақылау – жекешелендіру процесінің барлық кезеңінің тиімді әрі ашық өтуінің пәрменді құралы. Үкімет пен қорға тиісті тапсырма берілді. Қордың ірі компанияларына қатысты айтсақ, "Халықтық IPO" арқылы жекешелендіру өте өзекті болмақ. Өз қаржысын тиімді пайдаланғысы келетін еліміздің әрбір азаматы ұлттық байлықтың бір бөлігін иеленуге мүмкіндік алуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір маңызды мәселе ретінде еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсат-міндеттеріне сәйкес «Самұрық-Қазынаның» басымдықтарын кеңейту мәселесіне тоқталды. Қор мен портфельді компанияларды дамыту жоспары осыған сәйкес келуі тиіс.

– Қордың инвестициясы да ұлттық экономикаға бағытталуы үшін инвест-портфельдерді әртараптандыру маңызды. Ұлттық әл-ауқат қоры өзінің атына сай болуы керек. Менің бұған күмәнім жоқ. Ел экономикасы үшін қордың орасан зор маңызын ескере отырып, жалпымемлекеттік басымдықтарға қол жеткізу жолында одан әрі дәйекті жұмыс істей береді деп сенемін, – деді Президент.

Сондай-ақ форум барысында "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, "Ақ Жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев сөз сөйледі.

Мемлекет басшысына инвестициялық бастамалар, қорды инвестициялық холдингке кезең-кезеңімен айналдыру жұмысының барысы және "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының бірқатар цифрлық жобалары таныстырылды. Форум қорытындысы бойынша бірқатар офф-тейк келісім-шарт пен стратегиялық келісімге қол қойылды.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: