"L-Капитал" қаржы пирамидасына жем болғандар зар илеп қалды
Алматыда "L-Капитал" компаниясының салымшылары шу шығарып, қаржы пирамидасын ұйымдастарғандардың барлығын жауапқа тартуды талап етуде. Өткен жылдан бері салымшыларына уәде етілген үстеме ақыдан бір тиын да төлемеген. Түркістан және Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының салымшылары компанияның кеңсесіне келіп, салған ақшаларын беруді талап етті. Қаржы пирамидасынан зардап шеккендер қатары 15 мыңнан асады екен, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Еліміздің біраз өңірінен жианлған "L-Капитал" компаниясының салымшылары қаржы пирамидасын ұйымдастырғандардың кеңсесіне келіп, салған ақшаларын қайтаруды талап етті. Алайда ашынған жұрттың жанайқайын тыңдайтын жан болмады. Кеңселері жабық, өкілдерінің бірде-бірі орнында жоқ. Рысбек Тажанов үйін сатқан күннен бастап, компания агенттері жан-жақтан айналдырып, тренинге шақырып, қыр соңынан қалмапты. Ақшаны банкке емес, инвестициялауға үгіттеген. Ақыры әйелі екеуі бар ақшасын санап беріп, тақырға отырған.
Рысбек Тайжанов, салымшы:
2018 жылы бірінші траншқа 25 мың доллар салдық. 2019 жылы екінші рет 21 мың доллар құйдық. Одан кейін теңгемен салдық. Жер телімін сатып, үйімізді үлкейтпек болдық. Олар бұл мемлекеттік, "Атамекеннің" бағдарламасы, халықтың қаржылық сауатын көтеруге Үкіметтің тапсырмасы бойынша қолға алынған бағдарлама деп айтты. Біз соған сендік.
Түркістан облысының түрғыны Зылиха Сәменованы қаржы пирамидасының өкілдері ақшасын облигацияға салуға үгіттепті. Пайдасы көл-көсір дегенге иланып, зейнеткер бар тапқан таянғанын, апарып беріпті.
Зылиха Сәменова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
Акция біресе түседі, біресе көтеріледі, одан да облигация алыңыз деді. 50 мың теңгеден жинадым. Оны жинап болғаннан кейін маған айтты: успешный инвесторға сал деп. Успешный инвесторға салдым. Оны июнь айында алуым керек еді. Пандемия тоқтай тұрыңыз деді. Сонымен осы, осы уақытқа дейін ала алмай келе жатырмын 1,5 млн теңге.
Ал Оксана Акмеева 2017 жылдың желтоқсан айында келісім-шарт жасап, ақша салған. Бастапқыдан ай сайынғы үстемесін төлеп келіпті. Бірақ, 2020 жылы созыла бастапты. Компанияға хабарласқанда, "барлығы жақсы. қазанда, қарашада, қаңтарда төлейміз" деп созып келіпті. "Ақшаны қайтарамыз, бірақ құзырлы органдарға шағым түсірмеңіздер" деп өтініпті. Өткен жылдан бері салған 10 миллион теңгесінен 10 тиын да жоқ.
Оксана Акмеева, салымшы:
Жағдайларым да өзгерді. Семейный положением өзгерді. Жалғызбасты ана болып қалдым. Екі баламен квартирада тұрып жатырмын. Өте қиын жағдай. Ақшамды қайтарып бер деп бірнеше өтінішпен келдім. Заявление жаздым, расторжение дедім. Жауып тастаймын дедім. Аздап береміз де обещали олар.
Қоғамдық ұйым өкілдері "L-Капитал" компаниясынан зардап шеккен 600 адамның көмек сұрап келгенін айтады. 6 қаңтар күні басшыларымен онлайн жиын өткізгенде қаржыны қайтарып беретіндерін айтып, ақша салған компанияларын айтыпты. Алайда ол активтері банкте кепілге қойылған екен. Тіпті, үлесі бар деген кампаниялар ат тондарын ала қашыпты. Ұйым өкілдерінің болжамы бойынша зардап шеккендер қатары 15 мыңға жетіп жығылуы мүмкін.
Бибінұр Шыралиева, қайырымдылық қорының жетекшісі:
Әлеуметтік желілерде өздеріне 20 пайызы тиесілі деп көрсеткен компания басшылары тарапынан посттар мен мәлімдемелер пайда болды. Олар да қарсылық білдіріп, "Л Капитал" компаниясына ешқандай қатыстары жоқ екенін мәлімдеуде. Қылмыстық іс қозғалып , кеңселері жабылғанымен демеуші, директор агенттері онлайн ақша жинауларын жалғастырып келеді.
Қалалық полиция департаментіне барған салымшылармен Тергеу басқармасының басшысы сөйлесті Оның айтуынша, "L-Капитал" компанияның құрылтайшылысы ұсталып, қамалған. Оған қаржы пирамидасын құру бабымен іс қозғалыпты. Қазір Экономиалық тергеу департаментінің мамандарымен бірлескен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылыпты.
Қайрат Қасымбаев, қалалық ПД тергеу басқармасының басшысы:
Басталғанына екі күн болды. Қазір тергеп жатырмыз. Қосымша тергеу бойынша жағдайларды түсіндіреміз. Қамауға алынған адам біреу.
Алайда наразы салымшылар бір адамның ғана қамалғанымен келіспейді. Олар ақша жинауға қатысқан барлық бөлімшелері мен оншақты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басшыларын және агенттерінің да жауапқа тартылғанын талап етуде.