Сәтбаевтағы бүлік бойынша сот басталды. 54 адам айыпталуда
Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында былтыр жазда жергілікті тұрғынның жас баланы ұрлап, зорлағаны жайлы хабар түрткі болған жаппай тәртіпсіздікке байланысты қозғалған істі сот қарай бастады. Айып тағылған 54 адамның 44-і тергеу абақтысында қамауда отыр, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.
Өзге айыпталушылар үйқамақта отыр немесе ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп, бостандықта жүр.
Сәтбаевтағы тәртіпсіздіктерге байланысты барлығы 57 адамға айып тағылған. Оның екеуіне іздеу жарияланған, енді біреуі іздеу жарияланған соң қолға түскен. Бұл үшеуінің ісі жеке өндіріске алынған.
18 ақпанда тергеу абақтысында соттың алдын ала отырысы өтті. Айыпталушылардың үшеуі кәмелетке толмағандықтан, бұл істі Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар ісі бойынша мамандандырылған қылмыстық сотының судьясы қарап жатыр. Бейсенбідегі сот отырысында тергеу абақтысында қамауда отырған айыпталушылардың көбінің адвокаттары қорғауындағы азаматтар отбасының жалғыз асыраушысы екенін айтып, оларға белгіленген бұлтарпау шарасын өзгертуді сұрады. Кейбірінің түнгі ойранға және полиция қызметкерлерін ұрып-соғуға қатысы жоғы айтылды. Тыңдауға қатысып отырған прокурорлар адвокаттардың сұрағанын қанағаттандыруға әлі ерте деді.
Прокурорлар Сәтбаев қаласында 2020 жылғы 24 шілдеге қараған түні болған, қоғамда үлкен резонанс туғызған тәртіпсіздік ауыр қылмыс ретінде қаралатынын және қазір қамауда отырған айыпталушылар еркіндікке шықса куәгерлер мен жәбірленушілерге қысым жасауы мүмкін екенін айтып, соттан олардың бұлтартпау шарасын өзгертпеуін сұрады. Ақыры сот қамаудағы айыпталушылардың адвокаттарының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Бұл іс бойынша негізгі сот отырысы 1 наурызда басталады деп хабарланды.
Cәтбаевта былтыр жазда кәмелетке толмаған қыз баланы "ұрлау", "зорлау" және "сексуалдық сипаттағы зорлық жасау" фактілері бойынша қозғалған тағы бір қылмыстық істі бойынша сот аяқталуға жақын қалды. 24 шілдеге қараған түні Сәтбаевта жүздеген азамат көшеге шығып, "пәтерінде 5 жасар баланы зорламақ болған" ер адамды өздеріне тапсыруды талап еткен еді. Тұрғындар күдіктінің пәтерінің айналасына жиналып, бірнеше жігіт терезені шағып, ішке енбек болған. Жиналғандар оқиға орнына келген полицейден күдіктіні қолға тапсыруды талап еткен. Кейінірек күштік құрылымдар күдіктіге полицей формасын кигізіп, үйден алып шыққан. Мұны біліп қалған ашулы жұрт полиция мекемесіне барып, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан.
Жабық өтіп жатқан бұл процеске журналистерді қатыстырмайды. Кәмелетке толмаған баланы зорлау ісі бойынша сотқа ерлі-зайыпты екі адам айыпталушы ретінде қатысып отыр, бірақ оларға нақты қандай айып тағылғаны ашық айтылмайды. Жас баланы ұрлап әкетіп, зорлаған деген күдікке ілінген негізгі айыпталушы – 62 жастағы ер адам сотқа жетпей, былтыр қазанда тергеу абақтысында көз жұмды, полиция күдіктінің "асылып өлгенін" хабарлаған.