Жаңалықтар тізбегі
0

Алматыда экс-банкир Жомарт Ертаевтың соты басталды

facebook.com / Axel Zhan, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.12.2019 22:19 facebook.com / Axel Zhan
Алғашқы сот отырысына журналистерді кіргізбеді. Олар басқа бөлмеге орнатылған монитордан бақылап отыр.

26 желтоқсанда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Bank RBK-дағы қаржы жымқыру" ісіне байланысты сот басталды. Бұл істе 37 айыпталушы бар.

Олардың арасында бұрынғы банкир Жомарт Ертаев, Qazaq Bank бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим (бұрынғы премьер-министр, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың күйеу баласы деп айтылады), Bank RBK басқармасының бұрынғы төрағасы Игорь Мажинов бар. Істі судья Роман Селицкий қарап жатыр, деп хабарлайды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, айыпталушылардың басым бөлігі "қаржы жымқырды" және "қайтармайтынын біле тұра несие берді" деп айыпталып отыр. (189-бап - "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену" және 218-бап - "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру"). Тергеу орындарының айтуынша, соның кесірінен банк 143,3 миллиард теңге шығынға батқан.

Алғашқы сот отырысына журналистерді кіргізбеді. Олар басқа бөлмеге орнатылған монитордан бақылап отыр. Сотқа айыпталушылардың барлығы қатысып жатыр. Олардың құқығын оннан астам адвокат қорғап жатыр.

2018 жылы маусым айында Қазақстан бас прокуратурасы Qazaq Bank бұрынғы акционері Ибрагимді Германиядан экстрадициялағанын, оның астыртын сөз байласып, Bank RBK-дан "алаяқтық жолмен ірі көлемде ақша ұрлады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

46 жастағы Жомарт Ертаевты былтыр мамырда Ресейде сол елдің қауіпсіздік органы қызметкерлері ұстаған. Қазан айында сот оның қамау мерзімін ұзартқан.

Қазақстан билігі Жомарт Ертаевты "қазақстандық Bank RBK директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған кезінде банктен жалған фирманың атына 80 миллион доллардан астам қарыз алып беруге және оны қайтармауға көмектескен" деп айыптайды.

Бұған дейін прокуратура Ертаевпен бірге бұл іс бойынша 54 азаматтың "қаржы жымқыруға қатысы бар" деген күдікке ілінгені туралы хабарлаған. Оның 41-і – банктің топ-менеджері мен қызметкері. Бірақ кейіннен айыпталушылардың саны 37 екені хабарланды.

Былтыр мамырда ресейлік БАҚ-та жарияланған үндеуде Ертаев Bank RBK-да ешқашан жұмыс істемегенін, ол банктің штатында және акционерлері құрамында болмағанын мәлімдеген. Ресейлік "Коммерсантъ" газеті Жомарт Ертаевтың сотта Ресейден саяси баспана мен сол елдің азаматтығын сұрағанын хабарлаған. Ол "саяси астармен қудалауға түскенін" айтқан.

Қаңтардың басында Ресей ақпарат құралдары Мәскеу қалалық соты Жомарт Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарғанын хабарлаған.

Жомарт Ертаев бұған дейін Қазақстанда банк заңын бұзған деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылған. 2009 жылы Қазақстан қаржы полициясы Альянс Банктің акционерлері мен менеджерлеріне бір миллиард доллардан көп ақшаны ұрлаған деген айып таққан. Сол кезде ұсталып, тұтқындалған Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырған. Кейін оған тағылған айып "бухгалтерлік және қаржы есебі туралы заңды бұзу" және "банк қаржысын заңсыз пайдалану" деген баптарға ауыстырылған.

Сот Ертаевқа айыппұл салып, бостандыққа шығарғаннан кейін ол Қазақстандағы екінші деңгейлі басқа банктерде жұмыс істеген. Ал 2014 жылдың соңында Жомарт Ертаев "Алма ТВ" компаниясы басшылығына тағайындалған болатын.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: