Ресейлік нөмірлі көліктер техникалық тексеруді онлайн өте алмайды
Көрші елдің заңына енетін өзгерістер 1 наурызда күшіне енуі тиіс болатын. Бірақ уақыт таяғанда өңдеуге жіберілді. Ресейлік БАҚ хабарлағандай, мұндай түзету енгізудегі басты мақсат — техникалық тексерістен шынайы өткізбестен диагностикалық карта саудалаумен күрес.
Ереже күшіне енгенде тексеріс өткізетін орындар машинаны фотосуретке түсіріп, белгіленген қашықтықтан түсірілгенін дәлелдейтін навигациялық белгі қояды. Ал диагностикалық карта электронды болады. Құжатқа мөр басылып, қол қойылмайды. Ал клиент өз қалауымен оны басып шығара алады, деп жазады kolesa.kz.
Бұл әзірше жоба екенін айта кеткен жөн, сондықтан күзге дейін сәл өзгеруі мүмкін. Бірақ жұрттың алыстан тексерістен өту мүмкіндігінен қағылатыны анық.
Бұл заң күшіне енсе біздің елде жүйткіп жүрген RUS нөмірлі көліктерді РФ Техникалық тексерістің бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізу қиындайды. Оның үстіне біздің полицейлер де оның ресейлік базада бар-жоғын анықтай алмайды. Демек жалған диагностикалық карта жасап, Қазақстан азаматтарына сататын алаяқтардың көбеюі әбден мүмкін.
Еске сала кетейік, ресейлік нөмірлі автомобильдер Қазақстанда жыл сайын техбайқаудан өтеді. Ол үшін көлік иелері көрші елге баруға мәжбүр, себебі мұндай машинаны Қазақстанның деректер базасына енгізуге болмайды. Айтпақшы, көрші елде техникалық тексеріс біздегідей көз бояуға айналған. 2014 жылға дейін диагностикалық картаны жол полицейлері сатса, қазір оның саудасын сақтандыру агенттері мен көлік тексеретін орын қызметкерлері қыздырып жатыр.
2019 жылы біздің елдегі жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері техникалық тексеріс өткізуді уақытша тоқтатуды ұсынған. Бірақ ҚР ИИДМ бұл идеяны қолдамады.