Семейдегі стратегиялық нысанға 1 млн теңге айыппұл салынды
Семей қаласының мекемелерінің бірін тексеру барысында ШҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері террористік тұрғыдан осал стратегиялық объектінің инженерлік-техникалық нығайтылу талаптарына сәйкес келмейтін заң бұзушылықтарын анықтады, дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі..
Тексеру барысында бірқатар өрескел кемшіліктер анықталғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, бақылау-өткізу пунктінде, күзет үй-жайында, сондай-ақ, күзет дабылы жүйесінде, рұқсатты басқаруды бақылау жүйесінде, жедел байланыс жүйесі мен хабарлау және күзет жарықтандыру жүйесінде бұзушылықтар табылған.
- Анықталған бұзушылықтарға байланысты акционерлік қоғамына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 149-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, анықталған бұзушылықтарды 30 жұмыс күні мерзімі ішінде жоюға ұйғарым шығарылды. Ағымдағы жылдың ақпан айында Семей қаласының әкімшілік сотының шешімімен АҚ объектісіне 1 095 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Айта кетсек, 2020 жылдан қазіргі уақытқа дейін әртүрлі санаттағы 8 объекті әкімшілік жауапкершілікке (ҚР ӘҚБтК-нің 149-бабы бойынша) тартылды.
Полиция департаменті террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларына терроризмге қарсы қорғалу саласына қатысты заңнаманың барлық талаптарын сақтауды ұсынады.