Көкпекті ауданының әкімі жаңадан тағайындалды
Шығыс Қазақстанда аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша, аймақ басшысының өкімімен Көкпекті ауданының әкімі болып бұрын Глубокое ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Раджан Сейтқанов тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz.
ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа әкімді аудан активіне Даниал Ахметов таныстырды.
Раджан Қайырқанұлы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Катон ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын инженер мамандығы бойынша бітірген. 2015 жылы Алматы экономика және статистика академиясын бітіріп, экономика және бизнес бакалавры атанды.
Еңбек жолын 2009 жылы "ШҚ АЭК" АҚ жабдықтарды жөндеу жөніндегі электр слесарі болып бастаған. Одан әрі су құбыры-кәріз желілері қызметінің бастығы, Риддер қаласы әкімдігінің "Инфросервис" МКК бас инженері болып жұмыс істеді.
2012 жылы Семей қаласындағы "Бастау-Семей" ЖШС бас энергетигі, Глубокое ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы болып жұмыс істеді. Глубокое ауданы әкімдігінің "Теплоэнергия" МКК директорының міндетін атқарды.
2014-2015 жылдары Катонқарағай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің инспекторы, жетекші маманы, басшысы лауазымдарында қызмет атқарды. Сондай-ақ Катонқарағай ауданы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары, Катонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылдық округі әкімінің орынбасары, сондай-ақ Глубокое ауданы, Глубокое кентінің әкімі қызметтерін атқарды.
Осы уақытқа дейін ол Глубокое ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.