Қазақстанда биыл ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттану 2,2 есе азайды – Цой
Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясынан бөлек, еліміздегі өзге де жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай жайлы баяндады. Сондай-ақ, тұмау мен вакцинация да сөз болды.
А.Цойдың айтуынша, коронавирус инфекциясын қоспағанда, жалпы Қазақстанда жұқпалы ауруларға қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Министрлік 64 инфекциялық ауру бойынша мониторинг жүргізуде, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес42 инфекция бойынша науқас саны азайды.
Биыл оба, тырысқақ, іш сүзегі, құтыру, туляремия, куонго-қырым геморрагиялық қызбасы, дифтерия, сіреспе, қызамық, қызылша, сібір жарасы, безгек аурулары тіркелген жоқ, - деді А.Цой.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45 инфекциялық ауру, оның ішінде көкжөтел (22 есе), ботулизм (6,5 есе), менингококк инфекциясы (6 есе), вирустық гепатит (4,7 есе), бактериялық дизентерия (2 есе), бруцеллез (49%), туберкулез (25%) бойынша сырқаттанғандар саны азайған.
Сонымен қатар, Қазақстан аумағында оба, туляремия, геморрагиялық қызба (КҚГҚ, БСГҚ), күйдіргі және басқа да зооноздық инфекциялардың табиғи ошағы бар. Елімізде аса қауіпті жұқпалы аурулардың табиғи ошағының аумағы айтарлықтай ауқымды. Мәселен, республикада1 млн км2-ден астам обаның табиғи ошағыбар және оба бойынша энзоотиялық аумақ шекарасының кеңейгені байқалады.
2020 жылы табиғи ошақтарда халықтың обамен сырқаттануына жол бермеу үшін санитариялық-профилактикалық іс-шараларды орындау барысында энзоотиялық аумаққа эпизоотологиялық зерттеу жүргізілді.
Энзоотиялық аумақта жүргізілген зерттеулер барысында оба қоздырғышының 31 штаммы анықталды. Халықты оба ауруынан қорғау үшін 152 елді мекеннің айналасында қорғаныс аймақтары құрылды. Эндемиялық аудандарда обаға қарсы 113705 адам егілді. Алдағы эпидемиологиялық маусымға байланысты аумақ әкімдері дайындықты алдын ала бастауы қажет, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
Сонымен қатар, еліміздің оңтүстік өңірлері конго-қырым геморрагиялық қызбасымен сырқаттану бойынша эндемикалық болып қалуда. Соңғы үш жылда КҚГҚ сырқаттанушылық бір деңгейде қалып отыр. КҚГҚ алдын алу мақсатында 2020 жылы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет 318 елді мекеннің айналасында қорғаныс аймақтарын құрды. Жергілікті атқарушы органдар 6,9 млн. мал басын өңдеді, 1092 елді мекенде мал қоралары індетке қарсы өңделді, буферлік аймақтар құрылды.
КҚГҚ бойынша эпидемиялық маусым қарсаңында және оңтүстік өңірлердегі күннің жылуын ескере отырып, өңір әкімдіктері КҚГҚ ауруларының алдын алу мәселесін мұқият пысықтауы қажет – атап айтқанда, буферлік аймақ құру, мал және мал шаруашылығы қораларына, елді мекендердегі жеке аулаларға, уақытша тұрақтарға, қораларға және қоршаған аумаққа кенеге қарсы өңдеу жүргізу, - деп мәлімдеді А.Цой.
Бұдан басқа, өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, МСАК, жедел медициналық жәрдем медицина қызметкерлерінің және басқа да бейінді мамандардың КҚГҚ-ны ерте анықтау, сараланған диагностикалау және клиницистердің пациенттерде эпидемиялық маусымда ғана емес, сонымен қатар эпидемияаралық кезеңде де эпиданамнезді жинау бөлігінде сергектігін және дайындық деңгейін арттыру бойынша шараларды іске асыру қажет.
КҚГҚ-ны арнайы вирусқа қарсы емдеу үшін иммундық плазманың және басқа препараттардың қажетті қорымен қамтамасыз ету. КҚГҚ науқастарын күту, емдеу кезінде эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтау. Сондай-ақ, алдын алу шаралары және медициналық көмекке уақтылы жүгінудің маңыздылығы туралы халық арасында қазірдің өзінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Қазіргі эпидемиологиялық маусымда ҚР-да ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ауру 2,2 есе азайды. ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың төмендеуі халықты, оның ішінде халықтың осал топтарын тұмауға қарсы вакцинациялаумен, маскалық режим, әлеуметтік арақашықтық сақтаумен байланысты.
Сонымен қатар, ағымдағы эпидемиологиялық маусымда тұмауға қарсы вакцинациямен қамтамасыз ету тәжірибесін және вакциналардың жетіспеушілігін ескере отырып, министр тиісті контингентті вакцинациялаумен қамту үшін тұмауға қарсы вакцинаны сатып алуға қаражат бөлуді қазірден бастап ұлғайтуды аумақ әкімдеріне тапсыруды сұрады, бұл бірыңғай дистрибьюторға алдағы эпидемиологиялық маусымға тұмауға қарсы вакцинаның көлемін резервтеуге мүмкіндік береді. Оның пікірінше, тұмауға қарсы вакцинаға дайындықты қазірден бастау керек.