Семейде кәсіпкерлер митингке шықты
Семейде кәсіпкерлер жаппай наразылыққа шықты. Әкімдік алдына жиналғандар бас санитар дәрігерден карантин шектеулерін жұмсартуды талап етті, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
- Сол уақыттарды қысқартып тастасаңыз, біз қалай жұмыс істейміз? Алға қалай басамыз? Айналымды қайдан аламыз?
Карантиннен әбден ажыған 50-ге жуық кәсіпкер шенеуніктерді сұрақтың астына алды. Өйткені пандемия кезінде пайдадан қағылғандар қарызға белшеден батып, кәсібін жауып тастауға мәжбүр болыпты. Ал енді бірі жұмыс уақыты шектелгендіктен коммуналдық қызметтің құнын да төлей алмай қалған. Онсыз да күнкөрісіміз қиындады дегендерге бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы жығылғанға жұдырық болыпты. Себебі Семей "қызыл" аймаққа енгізілгелі кейбір сауда орталықтарының сенбі, жексенбі күндері жұмыс істеуіне шектеу қойылған.
Бірақ мұнымен кәсіпкерлер келіспей отыр. Олардың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы "сары" аймақта орналасқан. Сондықтан шектеу шаралары облыс көлемінде біркелкі болуы тиіс дейді. Ал атқамінерлер кәсіпкерлердің талабын басшылыққа жеткіземін деп құтылды.
Нұрымбет Сақтағанов, Семей қаласының әкімі:
- Сіздер карантин талабын жеңілдетуді сұрап отырсыздар. Бұл мәселені шешуге тырысамыз. Уәждеріңізді облыс әкіміне жеткізем. Жауабын сәрсенбі күні айтам.