Босанғаннан кейінгі күйзеліс: 3 баланың анасы үйінен кетіп қалған
Әйелдер арасында бала босанғаннан кейін күйзеліске ұшырау жиі кездеседі. Өкінішке орай, біздің қоғамда оған тиісінше мән берілмей келеді. Алайда, психологтардың айтуынша, мұндай күйзеліс – дәрігердің емдеуін талап ететін диагноз.
Бұл туралы "Пендеміз ғой" бағдарламасында айтылды.
Мұндай дертке қызылордалық София Әбітаева да шалдыққан. Екі ұлдан кейін араға 12 жыл салып, қызын өмірге алып келген келіншек терең күйзеліске ұшырайды. Тіпті, туған қызынан бас тартып, өмірден баз кешіп, уксус ішіп қойып, бір өлімнен аман қалады. Осы жайттан кейін туыстары алаңдаушылық білдіріп, қолдарынан келгенше қолдау көрсетуге тырысқан.
Босанғаннан кейін барып, қызын суға түсіріп беріп жүрдім. Сол кезде "біртүрлі болып жүрмін" дейтін. Себепсіз жылап жіберетін. Анасы қан аурынан, әкесі өкпеден қайтты. Соны айтып, мен де шешем сияқты қан аурынан өлетін болдым, әкем сияқты өлетін болдым деп жылайтын. Есін жисын деп ұрсатынмын. Уксус ішіп қойып, 10-15 күн реанимацияда жатып шықты. Арасында молдаға апарып, дем салдырып келетінбіз. "Мына қызды мен туған жоқпын, бұл менің қызым емес, мені бұл қызбен қалдырмаңдар, қорқам дейтін, - дейді жеңгесі Гүлдана Жәнібекова.
Алайда осыдан 6 ай бұрын 3 баланың анасы таңертең үйінен шығып кеткен күйі оралмаған. Үйден шыққаны кіреберістегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Туыстары, еріктілер, құқыққорғау органдары іздеу шараларын ұйымдастырғанымен, еш нәтиже бермеді.
Депрессия – медициналық диагноз. Мұндай кезде психиатрға көріну керек. Жүктілік кезінде де, босанғаннан кейін де әйел адамның ағзасы, санасы бейсеналы күйзе үлкен өзгеріске ұшырайды. Гормоналдық өзгерістер болады. Мұндайда көбінесе біздің әйелдердің жанындағы туысқандары мұны әйелдің еркелігі, болмаса жалқаулығы деп қабылдайды. Салдарынан осындай үлкен қасіретке әкеліп жатыр, - дейді білікті психолог Раушан Базарбай.
Бүгінде Софияның сүт кенжесін қайынсіңлісі қарап отыр. Өз баласымен қатар емізіп, ана орнына ана болып отырған келіншек жеңгесінің қайтып келуін, отбасының ортасына оралуын асыға күтеді.
Аяланы үш айынан бастап, өзім қарадым, бақтым. Папасы азанда жұмысқа кетеді 6-7-де, сол кезде тұрып алып, папасын шығарып салады. Өзім ағамды жақсы көрем, екіншіден, әкемдей адам. Қызын жақсы көрем, сондықтан жеңшем келгенше бағам деп, ағама сөз бергем, - дейді Индира Русланқызы.