Лукашенко Škoda көліктерін кіргізуге тыйым салды
Беларусь нарығында Škoda өнімдері маңызды орынға ие. Сондықтан биліктің танымал брендті әкелуге тыйым салуы жергілікті жүргізушілердің наразылығын тудырды. 5 мамырдан бастап жаңа "шкодалар" ғана емес, жүрілген көліктер де ел аумағына кірмейді, деп жазады kolesa.kz.
Onliner.by сайтының хабарлауынша, Škoda қазір Беларусь еліндегі сұранысы жоғары брендтердің бірі. 2020 жылы 3682 автомобиль иесін тапты. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Škoda Беларусьте ең көп сатылған көліктер тізімінде 4-орында тұр.
"Шкодадан" бас тарту Беларусьтің ең жақын одақтасы Ресейге кері әсер етеді. Өйткені Rapid, Octavia, Karoq, Kodiaq модельдері Калуга мен Нижний Новгородтағы зауыттарда құрастырылады. Чехиядан тек Superb ғана әкелінеді. Былтыр бұл модельдің алтауы ғана сатылған. Беларусь нарығының жабылуы Škoda үшін қуанышты жаңалық емес, әрине. Алайда әлемде сатылып жатқан миллиондаған машинаның қасында бірнеше мың көліктің өтпей қалуы компанияға көп шығын әкелмесі анық.