Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының жаңа басшысы есеп берді
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясына басшы болып тағайындалған Қайрат Реимов екі айда атқарылған жұмыстарға есеп берді. Қысқа мерзімде негізгі тұжырымдамалар арасында кәсіпқой бокс шеберлері үшін жаттығу залы, оның денсаулығын қадағалайтын көпфункционалдық медициналық орталық және спортшыға құқықтық көмек көрсететін мамандар пайда болды. Бұл туралы Алматыда өткен Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының кезектен тыс жиынында айтылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Біз федерацияға жаңа леп әкелеміз деп уәде бергенбіз. Бастамаларды іспен көрсету үшін өткен екі айда жоспарларды жүзеге асыра бастадық. Оның алғашқысы - Profiboxing деп аталатын заманауи спорт залы. Ол Алматыдағы энергетика колледжінің базасында ашылды. Кәсіпқой боксқа қатысы бар кез-келген спортшы келіп, жаттыға алады немесе турнир өткізе алады. Ол үшін барлық жағдай жасалады және тегін. Одан кейін кәсіпқой спортшылардың денсаулығын тексеріп, қадағалайтын көпфункциналдық медициналық орталық іске қосылды. Сосын біздің боксшыларға құқықтық көмек жетіспей жатады. Ол үшін арнайы заңгер мамандарды жұмысқа алдық. Кәсіпқой боксшының әлеуметтік қамтамасыз етілуін де қолға алдық. Қазақстан кәсіпқой боксында жетістікке жетуге ниеті бар отандастарымызды жан-жақты қолдамақпыз, - деді кәсіпқой бокс федерациясының президенті Қайрат Реимов.
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының құрметті президенті, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, даңқты боксшы Серік Қонақбаев ұйымның жаңа кезеңі басталғанын айтады. Жоғарыда айтылған бастамалар бұрын-соңды болмаған. Кәсіпқой бокс шеберлеріне шынайы қолдау қажет.
Тегін жаттығу залы, ауыр соққы алған спортшы денсаулығының түзелуіне және шетелге шығар алдындағы құжаттарын рәсімдеп, құқықтық көмектер көрсету көптен бері ойда жүрген еді. Федерацияның жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, ең қажетті қызмет түрлері мен бастамалар жүзеге аса бастағаны қуантып отыр. Өзім де осы федерацияның құрылуына атсалыстым. Менен кейін бірнеше азамат жұмысты жалғастырды. Әркім өзінің шамасы келгенше жұмысын істеді. Ал биыл 19 наурызда сайланған кәсіпқой бокс федерациясының президенті Қайрат Ниетбайұлы бірден іске кірісті. Бүгін ұйымның мүшелерін, федерацияның 10 аймағындағы филиал басшыларының басын қосып, аз уақытта атқарылған жұмыстың есебін берді. Алға бағыттап отыр. Федерацияның қаржылық мүмкіндіктері төмен. Соған қармастан спортшыларды қолдау міндеті қойылған. Міне, іс алға басты деген осы. Біз бұл шаруаларды жан-жақтан қолдауға дайынбыз, - дейді Серік Қонақбаев.
Кәсіпқой бокс федерациясының жаңарған атқару комитеті бекітілді. Екі вице-президент қызметіне Виталий Демьяненко мен Болат Мәнкенов сайланды. ҚКБФ-ның чемпионы титулы үшін турнир өтпек. Өңірлерде кәсіпқой бокс мамандары үшін форумдар, семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізу тәртібі бекітілді. Ұйым жетекшілері жақында Орталық Азия кәсіпқой бокс федерациясы құрылатынын айтты. Ал федерацияның жұмысын насихаттайтын Profiboxing ютуб арнасы мен жаңа форматта сайт іске қосылды.