Туристік навигация қосымшасын әзірлеу керек – депутат Дархан Мыңбай
Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс депутаты, "Nur Otan" партиясы Фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа елімізде туристік маршруттармен саяхаттау кезінде адамдар тап болатын тәуекелдер мен қатерлерге қатысы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Депутаттың айтуынша, 25 мамырда Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында тауға шыққан Назарбаев Университетінің 6 студентінен тұратын туристік топтың адасып кеткені мәлім болды. Құтқарушылар мен еріктілердің жедел әрекетінің арқасында ғана олардың үшеуі тірі табылды. Өкінішке қарай, екеуінің қаза болғаны туралы суық хабар жетті. Бүкіл өмірі мен болашағынан үміт күткен балаларынан қапыда айырылған ата-аналарға қайғырып көңіл айтамыз. Ендігі іздестіріліп жатқан тағы да екі жастың амандығын елмен бірге тілеп отырмыз.
Сонымен бірге, Үкіметтің анықтамасы бойынша Түркістан облысы еліміздегі басым туристік аймақтардың үздік ондығына кіретіні белгілі.
Бұған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның оң ықпалы тиді, онда қазіргі заманғы талаптарға сәйкес енгізілген өзгерістерден басқа, туристің қажеттіліктерін бірінші орынға қоятын жаңа терминдер мен ұғымдар да қосылған.
Мысалы, "туристік маршрут" деген ұғым енгізілді. Ол туристің қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін жүру жолдары белгіленіп, оны туристік оператор әзірлейді және сол туристік қызмет объектілеріне бару-келуі, егжей-тегжейлі регламенттелген (пайдаланылатын көлік, тоқтайтын орындар, көзделген объектілер, түнейтін, аяқ суытатын жерлер, шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек және басқа да жағдайлар) осылардың барлығын қамтиды.
Туризм саласын цифрландыру оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Егер халықаралық тәжірибені ескеретін болсақ, онда еуропалық мамандар әртүрлі қосымшалар әзірлеген, олар сәтті енгізіліп, өзің өздері ақтауда.
Сонымен қатар, Қазақстанда да цифрландырудың өзіндік бай тәжірибесі бар. Мысалы, көптеген қалалар мен елді мекендер шегінде маршруттар навигациясы тиімді жұмыс істейді.
Ал бүгінде туристік навигация жүйесін, оның ішінде туристің онлайн навигаторын жедел енгізу қажеттігін жоғарыдағы жағдай, яғни өмірдің өзі талап етіп отыр. Жалпы туризмді цифрландыру ісі бірге еріп жүретін өзгелердің көмегіңсіз де қозғалуға, кез келген тілде ақпарат алуға, жүзбе-жүз кездеспей-ақ, тек қана өз жеке смартфонды пайдалану арқылы төлемдерді жүзеге асырып, өзге де қажетті әрекеттерді жасауға мүмкіндік береді.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және "Nur Otan" партиясының "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерді орындау үшін мыналарды ұсынамыз:
1) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Мәдениет және спорт министрліктері интеграцияланған туристік навигация қосымшасын әзірлесін және оны басым туристік аймақтардың үздік ондығының бірінде (Алматы өңірінің тау кластері, Түркістан өңірі, Нұр-Сұлтан қаласы) пилоттық жоба ретінде іске қоссын.
2) Төтенше жағдайлар министрлігі, Казгидромет басқа да тиісті қызмет көрсететін мекемелер мен жергілікті атқарушы органдар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым жағдайды болғызбау үшін әлеуметтік желілерде, БАҚ арқылы туристік маршруттар бойынша щұғыл ауа-райы болжамы (мысалы, "Казметеотур") басқа да сақтық шаралары жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізсін.