Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару басталды
Қорғаныс министрлігінде өткен аппарат кеңесінде апта қорытындыланып, алдағы кезеңдерге міндеттер жүктелді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бас қолбасшылар мен қолбасшылар мамандық бойынша даярлықтың өту барысын баяндады. Құрлық әскерлерінде барлық бағыттардағы мамандармен сабақтар, оның ішінде десантшы жауынгерлердің парашютпен секірулер өтуде. Таудағы Альпі бөлімшелері әскери қызметшілерінің іс жүзіндегі жиындары мен жаттығулары басталды.
Әуе қорғанысы күштерінде жоспарлы ұшу оқу-жаттығулары, ұшу құрамының парашюттік даярлығы және ӘШҚҚ әскерлерінің әскери қызметшілеріне техникаларды үйрету жүргізіледі.
Әскери-теңіз күштерінде теңізшілер кеменің материалдық бөлігін, беріктікке күрес іс-шараларындағы жеке іс-қимыл тәртібін пысықтайды. Мамандық бойынша дайындық кезеңі биыл 2 шілдеде бақылау сабақтарының өтуімен аяқталады.
Әскери білім беру сұрақтары қаралды. Әскери оқу орындарында оқу жылы аяқталуда. Өткен аптада Ұлттық қорғаныс университетін 145 магистрант бітіріп, "Жас ұлан" республикалық мектептерінің 889 түлегіне аттестаттар табысталды.
Жуырда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, Құрлық әскерлерінің Әскери институтында офицерлер, Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінде сержанттар оқуын бітіріп, оларды бөлу жоспарлануда.
Кеңес барысында әскери оқу орындары түлектерінің қызмет өткеруіне тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды. Оның негізінде қажет болған жағдайда кадрларды неғұрлым тиімді даярлау үшін оқу үрдісіне түзетулер енгізуді жүктеді.
"Цифрлық офицер" оқу жобасын іске асыру туралы жеке баяндалды. Бүгінгі таңда өмірдің барлық саласы цифрландырылып жатқанда, армияда офицерлерді даярлауда, олардың ақпараттандырудың барлық аспектілерін, автоматтандырылған басқару және жасақтама жүйелерін меңгеруін ескере отырып жүргізу керек. Әскери оқу орындарында бұған қажетті оқу-әдістемелік база бар. Бұл ретт, жас офицерлердің алған білімдерін іс жүзіндегі қызмет барысында кеңінен қолдануына нұсқау берілді.
Өрт қауіпті маусымның басталуына қарай әскерлерде өртке қарсы қорғаныс шараларын күшейту: оның ішінде объектілердің жабдықтарын тексеру, техникалық өрт сөндіру құралдары мен коммуникациялар жарамдылығын қамтамасыз ету, өртке қарсы штаттық бөлімшелерді дайындыққа келтіру және штаттан тыс өрт сөндіру командаларының құрамын күн сайын нақтылау. Оқ-дәрілерді, ЖЖМ, қару-жарақ пен әскери техниканы, материалдық құралдарды сақтау нысандарына жіті назар аудару тапсырылды.
Семей, Жаңғызтөбе, Өскемен гарнизондарына жұмыс сапарының нәтижесінде министр әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің, әсіресе шалғай әскери бөлімдер мен гарнизондардағылардың өмір сүруі, тұрмыс жағдайларын талдауды тапсырды. Өмір сүруге қолайлы жағдай жасау үшін демалыс орындарын, коммуникация қызметтерін және басқа да тіршілікке қажетті мәселелерді қамтамасыз етудегі кешенді шараларды қабылдауды жүктеді.
Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы әскерлердегі эпидемиологиялық ахуалды баяндады. Жеке құрамға екпе егу басталуымен жағдай тұрақтанды. Коронавирус инфекциясын жұқтырудың ілуде бір байқалуы еліміздің түрлі аймақтарынан келген сарбаздармен байланысты.
Жоспарға сәйкес 15 маусымнан бастап мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару басталады. Дәстүр бойынша, көктемде сарбаздар сәуір-мамыр айларында борыштарын өтеуден босатылды. 2020 жылы пандемия кезінде әскерге шақырудың кейінге қалдырылуына орай жауынгерлер запасқа кештеу шығарылуда. Осылайша, барлық "мерзімді қызметтегілер" қолданыстағы заңнамада белгіленгендей дәл 12 ай қызмет етеді және қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін өз өңірлеріне жіберіледі. Әскери оқытылған резерв ретінде олар жергілікті әскери басқару органдарына есепке алынады.