Ақтау әкімдігі "картоп арзандады" деген жалған ақпарат таратты
Ақтауда қалалық әкімдік әлеуметтік желідегі парақшаларына көтерме базарда картоптың келісі 185 теңгеге арзандады деп ақпарат таратқан болатын. Мұны естіп, білген кей тұрғындар қуанып, бағасы қалта көтерерлік өнім алу үшін базарға қарай ағылды. Сатып алушылар бұл жолы сапалы , әрі арзан картоп аламыз деп ойлады. Алайда, "пәлен жерде алтын бар" дегенге барып, "барсам, бақыр да жоқ" екен деп басын салбыратып , көңіл күйі түсіп кетті, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Базарды шыр айналып, әкімдіктің желіге салған келісі 185 теңге тұратын картопты іздеп таппадық. Көзге түспеді. Кәсіпкерлердің бірінен сұрап көрдік.
Марта Сағынғали, кәсіпкер:
Қалалық әкімдіктің жеке парақшасында картоптың құны 185-200 теңге деп көрсетілген. Яғни, осы "Асар- С" базарында. Бізде болған жоқ, ондай баға. 250 болды бізде.
Базарда Иран және Әзірбайжаннан жеткізілген картоптың көтерме бағасы 240- 265 теңгеге саудаланып жатыр екен. Ал бөлшек бағада алыпсатарлар әртүрлі сатады. Яғни, келісі 250 , 280 теңге. Кей сауда нүктелерінде 350 теңгеге дейін барады. Базардағы саудагерлер түсірілім тобын көргенде бағаны тіпті ойната бастады.
Нұрсұлу Әлмұратова, саудагер:
Ана жақта жаңбыр болды, андай болды, мынандай. Бүгін резко түсірді 225 теңге пожалуйста, картошка. Міне, әдемі картошка. Арзан болғаны бізге де жақсы. Біз халықты ойламайды дейсіңдер ма? Біз сіздердің ар жағында ойлаймыз.
Келесі көршілес базардың сатушылары көтерме бағамен қымбатқа алып жатқанын айтып шағымданды. Олар амал жоқ үстіне азғантай теңге қосатын неді. Қазір соңғы картобын сатуда екен.. Өйткені, көкөніс көптен бері жатып қалғандықтан, арасында бүлінгені көп кездеседі дейді. Сондықтан оның бағасы да өсіп отыр.
Рая Иманқұлова, сатушы:
Біздер "Асар- С" аламыз. 10-15 теңге қойып сатамыз. Көретін пайдамыз 1000-1500 теңге. Төлейтін арендамыз бар. Соның бәріне бір талай расход шығады. Картошка 270 теңге, помидор 600 тг, бұл "Асар-С" тағы оптовый цена. Ал жуа 90-100 теңгеден. Марковь 400- 450 тг. Бұл алу бағасы.
Жалпы сауда орындарына келушілер айтарлықтай көп емес екен. Əркім өз керегін алып, шығып жатыр. Әкімдік өкілдері әлеуметтік тауарлар қатарына жататын өнімдердің бағасын барынша реттеп жатыр екен.
Тілеген Едігеев, Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
"Асар С", Қазфруд сияқты мекемелермен келісім сөздер жүргізу арқылы оларға халыққа 1 кг, 2 кг нан халыққа қолжетімді болсын деген әлеуметтік тауар ретінде 185 теңгеден сатуға біз келіссөздер жүргіздік. Келістік. Қазіргі таңда сол базарда сатылып жатыр. Бірақ та оның саны, мөлшері азғантай күйінде.
Осылайша, көкөністің бағасына қатысты кім кімді алдап жүргені белгісіз. Кәсіпкерлік бөліміндегілдер бір-екі аптада іргедегі Ресей мен еліміздің оңтүстігінен жаңа өнім келгесін, ескі картоптың бағасы түседі дейді.