Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстанда тұңғыш әскери театр ашылды

ҚР Ұлттық ұланы, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.06.2021 22:04 ҚР Ұлттық ұланы
Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі әскери театры тобының тұсауы кесілді.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы және Қазақстан полициясы күніне орай, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің "Жеңіс жалауы" спектаклінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған туынды Ұлы Отан соғысының қаһарман батыры, Рейхстагқа Жеңіс алғаш туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне негізделген. Сонымен бірге сахнада тұңғыш рет еліміздің күш құрылымдары арасында Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі театрлық тобының әртістері өнер көрсеткенін ерекше атап өткен жөн.

Спектакль тұсаукесеріне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ішкі істер министрінің басшылық құрамы, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Парламент депутаттары мен ардагер генералдар, өнер және мәдениет қайраткерлері, әскерилер, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өнер ұжымын әскери театрдың ашылуы және қойылымның тұсаукесерімен құттықтады.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов айтқандай, қойылымды қоюдағы мақсат – ел халқы мен өскелең ұрпаққа Рақымжан бастаған қазақ жастарының Ұлы жеңісті жақындатуға қосқан үлесін, олардың майдан даласындағы ерлігін әспеттеу болып табылатынын жеткізді. Сонымен қатар Руслан Фатихұлы ансамбль құрамындағы театр тобы Ішкі істер министрінің қолдауымен ашылғанын, оны құру барысында ресейлік әскер театрының тәжірибесі зерттелгенін айтты. Әскери театрды ашудағы мақсат – погон таққан әртістердің өнері арқылы өскелең ұрпақты патриотизмге баулу, сондай-ақ әскери қызметті насихаттау болып табылады.

Спектакльдің мазмұнына қысқаша тоқталатын болсақ. Еліміздің біртуар батыры Бауыржан Момышұлы жазушы-журналист Кәкімжан Қазбаевты өзіне шақырып, Рейхгстагқа алғаш Ту тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев туралы зерттеу жасауды бұйырады. Жеңіс жалауын қадаған жас жігіттің ерлігін зерттеген жазушы оның өмірімен егжей-тегжейлі танысады. Сол сәттен бастап сахнада жас Рақымжанның соғысқа дейінгі өмірі көрермендердің назарына ұсынылды. Болашақ қаһарманның арманы, махаббаты, жігері мен өр рухы қамтылды. Ұйымдастырушылар бас қаһарман арқылы Отанға деген риясыз сүйіспеншілігін сәтті көрсете алды. Ең бастысы, Рейхстагқа Ту тіккен ерлігі баяндалды. Қойылым барысында ұрпақтар сабақтасытығы мен патриотизм рухын сіңірген әскери және соғыс жылдарындағы әндер айтылды. Бұл қойылымға ерекше рең сыйлайды. Ер Бәукең – Бауыржан Момышұлы тарихи шындық үшін күрескені, Рахымжан Қошқарбаевқа "Кеңес Одағының батыры" атағын беру туралы талабы көрсетіледі.

Қойылым соңында Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа 1999 жылы "Халық Қаһарманы" атағы берілгені айтылды.

Бұл тарихи шындыққа ұмтылған халықтың Рақымжандай батыры арқылы тебіренісін және Елбасы мен егемендіктің аталған шындыққа жетудегі рөлін көрсеткенін атап өткен жөн.

Айтып өту керек, спектакль Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің театрландырылған тұңғыш қойылымы болды. Әскери драма жанрындағы қойылымның авторы Қанат Жүнісов, қоюшы режиссері Дәурен Серғазин, қоюшы суретшісі Ерлан Тұяқов, Ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі майор Дархан Рахымғалиев.

Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі бүгінгі таңда мемлекетіміздің орталық залдарында Гала-концерт беретін бірегей әскери-музыкалық ұжым. Ансамбль музыканттары мен солистерінің орындауындағы әскери-патриоттық әндер еліміздегі барлық патриоттық шаралардың келбетіне айналды. Әскери тақырыпқа байланысты бірде-бір концерт ұландық өнерпаздардың қатысуынсыз өтпейді.

Ансамбль репертуары әр алуан, онда әскери әндер, халық музыкасы, эстрада және жастар стилі, әлем халықтарының әндері мен билері бар.

Ансамбль құрамында ерлер хоры, вокалшылар және бишілер тобы, биг-бэнд, фольклорлық топ және концерттік оркестр бар. Биылдан бастап олардың қатарына әскери театр тобы қосылып отыр.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: