Қазақстанға түбі АҚШ пен Қытайдың бірін таңдауға тура келеді
АҚШ пен Қытайдың қарым-қатынасы сауда дауынан ауқымды стратегиялық текетіреске айналып барады, деп жазыпты inbusiness.kz.
Әлемдік экономика және саясат институты бүгін Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық қарым-қатынасы жайында онлайн режимде конференция ұйымдастырды. Жиында сөз сөйлеген институт сарапшысы Руслан Ізімов екіжақты қарым-қатынастан гөрі жаһандық мәселелер туралы ой бөлісті. Сарапшының айтуынша, қазір әлем қос полярға бөлініп кеткен. Бір жағында бұрыннан бергі ірі ойыншы – АҚШ бастаған Батыс елдері, ал екінші жағында өзін толыққанды держава ретінде көрсетіп отырған Қытай тұр.
Қытай бұрынғы Кеңес одағының орнына америкалық гегемонияға қарсы позицияға жайғасты. Екі державаның қарым-қатынасы сауда дауынан ауқымды стратегиялық текетіреске айналып барады.Текетірестің ауқымы экономика мен саясаттан бастап, саланың бәрін қамти бастады. Көп адам мұны бұрынғы "қырғи-қабақ соғыспен" салыстырады. АҚШ пен Кеңес одағының тіресі идеологиялық және әскери саланы қамтитын шығар, бірақ бұл жолы біз экономика мен технологиялардың жарысын көріп отырмыз. 2018 жылы өткен Астана-клуб шарасында Қытай АҚШ-пен қандай да бір мәмілеге келуге дайын екенін байқағанбыз. Тараптар сауда қарым-қатынасын жолға қоюға тырысқан. Әйтсе де бүгінгі күні жағдай мүлде өзгеріп кетті. Ал АҚШ пен Қытайдың Сыртқы істер министрлерінің соңғы келіссөздеріне қарасақ, Қытай бүгін де ешқандай шегініске барғысы келмейтіні айқын болды. Бұл жағдай барлық елге, оның ішінде Қазақстанға да стратегиялық тәуекел туғызады,– дейді сарапшы.
Руслан Ізімов Вашингтон қазір Еуропа мен Азиядағы елдермен қарым-қатынасын жақсартып жатқанын айтады. Жаңа президент Джо Байденнің жаңа тактикасы жемісін бере бастаған. "Үлкен жетіліктің" басшылары жиналған саммитте Еуропаның негізгі ойыншылары, одан бөлек Жапония мен Оңтүстік Корея да АҚШ-ты қолдайтынын ашық білдірген. Яғни АҚШ-қа ниеттес мемлекеттер топтасып, Қытайға қарсы компромиске келмейтіндей позицияны ұстануға дайындалып жатыр.
Қытайдың өз блогы жоқ. Ол мүмкін болмай да тұр. Қытай "мынау бізге дос мемлекет" дейтіндей ел жоқтың қасы. Идеологиялық мәселелер бойынша қолдайтын бірден-бір мемлекеті Солтүстік Корея шығар. Бірақ Пхеньянның өз мүдделері бар, сол себепті Қытайдың толыққанды одақтасы бола алмайды. Әйтсе де дамушы елдердің ішінде Қытайдың біршама "досы" барын да ұмытпау керек. Олар экономикалық бағытта бағынышты болғанымен, саяси тұрғыда Қытайды бәрібір қолдамауы мүмкін. Толыққанды полюс бола алмайтын тағы бір ойыншы – Ресей де бар. Әйтсе де бұл мемлекет АҚШ пен Қытайдың текетіресінің бағыт-бағдарына ықпал ете алады. АҚШ-тың инфрақұрылымдық нысандарына жасаған соңғы кибершабуыл Ресейдің басқару жүйесіне зиян келтіре алатынын көрсетіп берді, – дейді ол.
Ресей дегенмен Батыс елдерінің көзімен қарағанда – аластатылған, қауіп күтуге болатын мемлекет. Әйтсе де Ресей тарапынан келетін қауіп Қытай туындататын қауіптен едәуір аз. Сарапшының пайымдауынша, Вашингтон Ресеймен қарым-қатынасын қайта қараған секілді. Қысым жасау тактикасынан гөрі келісіп, ұғысып көрудің жолдарына баса мән бере бастаған. Бұл – Вашингтонға Ресей қаупін уақытша азайтып, бар күшті Қытайға жұмсауға мүмкіндік береді. Ал Қытай Ресейге АҚШ-тың күшін басқа арнаға бұра алатын мемлекет ретінде қарайды. Соңғы онжылдықтарда Қытай дәл осы "терезелер мүмкіндігін" жақсы пайдаланып, өзінің әскери, технологиялық қуатын арттыра берген. АҚШ ашық түрде Қытайда "нөмір бірінші қарсылас" деп мәлімдеген кезде Бейжің көлеңкеден шығып, өз мүмкіндіктерін жасырмауға бел буған.
Қытай бұған дейін өзінің күш-қуатын текке арттыра берген жоқ. АҚШ-тың әлеуетті қарсыласы деген Ресеймен, Иран, Пәкістанмен қарым-қатынасты ретке келтіруге тырысты. Алайда Қытайдың негізгі стратегиялық серіктесі әзірге Ресей болып тұр. Бұл ретте Қытай мен Ресейдің қарым-қатынасының өзіндік "қызыл жолағы" барын ескеру керек. Соңғы жағдайларға шолып қарасақ, Қытай Ресеймен альянс немесе саяси әрі әскери одақ құруға дайын еместігін байқаймыз. Менің ойымша, Қытай Мәскеудің Батыс елдеріне шығысып кетуінен жасқанып отыр, – деп атап өтті ол.
Ал Батыс елдері мен Қытайдың ортасында Орталық Азия тұр.
Уақыт өткен сайын ерте ме, кеш пе, Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанға да АҚШ пен Қытайдың бірін таңдауға тура келеді. Бұл жерде бір тарапты таңдап, екіншімен мүлде байланысты үзу туралы әңгіме айтылып тұрған жоқ. Қазақстан сыртқы саясатта өзіне пайдалы бағытты таңдауы керек болады. Қай бағытта қозғалу керек? Қазірдің өзінде технологияны кіммен бірге жасаған дұрыс деген сұрақ туындап жатыр. Мысалы, қазір Huawei телефонын Play Маркет пен Google-дың бүкіл жүйесінен өшіріп тастады. Бұл – бәріне үлкен проблема туындатып жатыр. Әрине, біз Қытайдың технологиясын пайдалана аламыз. Ол сапасы жағынан Батыс елдерінің өнімінен еш кем емес. Екінші жағынан Huawei-ді ұстағымыз келсе, Батыс елдерінің технологиясына қол жеткізе алмаймыз. Бұл телефон деңгейіндегі текетірес күні ертең барлық саланы шарпиды,– деп ескертеді сарапшы.
Сөзін түйіндей келе сарапшы Қазақстанның ішінде антиқытайлық көңіл-күй барын жасырмады.
Бұл көңіл-күй бар, ауқымы артып та келеді. Әлбетте, Қытайдың ойлап табылған "аңыз сипаты" да бар. Екінші жағынан бұлай ойлаудың шынайы негізі де жоқ емес. Оны азайтып, екіжақты қарым-қатынастың дамуына кедергі келтірмес үшін Қазақстан мен Қытай тарапы бір-біріне қадам жасауы керек. Сауда-энергетикалық салада, адам құқығы тұрғысында сұрақтарымыз бар. Оны мұндай жиыннан бастап, артынша үкіметтік деңгейде талқылау керек,– деп түйді Руслан Ізімов.
Аян Бекенұлы