Құрбан шалуды онлайн режимде жүзеге асыруға болады – ҚМДБ
Биыл барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт, Алла қаласа, шілде айының 20-22-сі күндеріне тура келуі ықтимал. Осы жағдайға сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсіміне қатысты түсіндірмесін ұсынды, деп хабарлайды zakon.kz.
Біріншіден, 2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады:
1) мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру.
2) бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжіребесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы "өкілдік" қағидасына сәйкес www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асыру.
Бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.
Екіншіден, карантин жағдайында қалада тұрып жатқан азаматтар үшін қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс беру – оңтайлы шешім.
Шариғат бойынша адам өзінің атынан басқа кісіні белгілі бір іске уәкіл ете алады. Өйткені, адам баласы кейбір жағдайда бір істі орындауға мүмкіндігі болмай қалады. Осы кезде біреудің көмегіне жүгінеді, яғни сол істі оған тапсырады, оны өзінің атынан уәкіл етеді. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хаким ибн Хизам (Алла оған разы болсын) арқылы құрбандық сатып алуға тапсырыс береді. Біз осы оқиғадан шариғат бойынша уәкілге тапсырыс беру арқылы құрбан шалдыруға болатынын анық аңғарамыз.
Үшіншіден, ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз.
Төртіншіден, ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет).
Шариғатымыз бойынша "бай" деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі), 30 ірі қара, 5 түйе немесе қажеттілігінен артық 85 гр алтын (1 230 000 теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.
Бесінші, Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін www.qurban2021.kz сайты арқылы биыл 20 шілде күні айт намазынан кейін өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады.
Алтыншы, ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы малдың бағасы әртүрлі екенін ескеру қажет. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін.
Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.
Жетінші, сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Бұл жыл сайын игі дәстүрге айналған. Жобаның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату.
Сегізінші, аталған жоба санитарлық талаптарды сақтай отырып, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауды көздейді. Сонымен қатар жоба мақсаты – көмекке аса зәру азаматтарды қолдап, оларға ұлық мейрамда қуаныш сыйлау, аз да болса, қайғы-мұңын сейілту. Құрбандық шалудың негізгі мәні осы.
Құрбандық етін мұқтаж жандарға үлестіру арқылы мұсылмандар арасында махаббат пен сүйіспеншілік артады. Сонымен қатар өзінің бойындағы қатыгездік, сараңдық сынды сипаттардан арылып, оны мейірімділік, жомарттық, кішіпейілдік қасиеттерге ауыстырады.