Атырау облысының әкімі "кетем" деген орынбасарын жібермеді
Сәуірде сот облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бұрынғы басшысы Серік Қамидолланы ҚР ҚК-нің 361-бабы ("Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану") бойынша кінәлі деп таныды, бірақ "жасаған ісіне өкінуіне байланысты" оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Осыдан кейін басқа салалармен қатар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды қадағалайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков өзін қызметтен босатуға өтініш берді, бірақ Махамбет Досмұхамбетов қатаң сөгіс берумен шектеліп, арызын қабылдамады, деп хабарлайды zakon.kz azh.kz-ке сілтеме жасап.
- Расында да, "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңына сәйкес, С.Айдарбеков сот шешімінен кейін 10 күн ішінде отставкаға кетуге өтініш берді, бірақ облыс әкімі қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданумен шектелді, - деп растады облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Бұл шешімнің заңға қаншалықты сәйкес келетіні белгісіз, бірақ Серік Айдарбеков Атыраудағы "ақ үйдің" ішіндегі маңызды тұлға: тек қазіргі қызметіне байланысты емес, мұнайлы өңірдегі қызметке тағайындалғанға дейін ол үш жыл бойы ҚР Мәжіліс аппаратын басқарды, сондықтан елордада жақсы таныстары бар.
Махамбет Досмұхамбетовтің өзіне келетін болсақ, баспасөз қызметі төмендегідей ескертті: заң бойынша, егер оның орынбасарларының бірі немесе аудан әкімі сотталса, облыс әкімі қызметінен кетуі тиіс, яғни бөлім басшыларының біріне қатысты үкімнің өңір басшысына әсер етпейді.
Ал пара алды деген айыппен сотталып жатырған оның бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев – басқа әңгіме. Егер сот оны кінәлі деп үкім шығарса, онда Досмұхамбетовке уәдесі бойынша лауазымынан босату туралы арыз беруге тура келеді.