Сағынтаев Nur Otan-ның қабылдауына жүгінген тұрғындарды қабылдады
Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев азаматтарды кезекті қабылдауды онлайн форматта өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Н.Кенжебаевтың халықтың мүмкіндігі шектеулі топтары үшін ғимараттарға қойылған құрылғыларға қатысты сұрағы жөнінде Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша комиссия құрылатын болады. Түрлі басқармалардың, оның ішінде Жайлы қалалық орта, Әлеуметтік әл-ауқат басқармаларының мамандары қоғам белсенділерімен бірге көтергіш құрылғыларының техникалық жағдайы мен қауіпсіздігін тексереді және бақылауға алады.
О.Костюлинаның Натаров көшесіндегі жол жамылғысын қалпына келтіру жөніндегі өтініші бойынша қала әкімінің орынбасарына сол жерге арнайы барып, тұрғындарға инженерлік желілерді қосу және жолдарды асфальттау жұмыстарының аяқталу мерзімі туралы ақпарат беру тапсырылды.
Ақжар шағын аудан тұрғындарының атынан Е.Әділбеков Наурызбай ауданындағы жобаға енбеген Лашын мен Берел көшелеріне инженерлік желілерді тарту мәселелерін сұрады. Алматы әкімі Б.Сағынтаев ағымдағы жылы сумен жабдықтау желілерін тартуды және келер жылы осы көшелерге су бұру желілерін салуды жобаға енгізуді тапсырды.
Жалпы, Ақжар шағын ауданында 21 мың адам тұрады және 5,5 мың үй бар, өткен жылы 8,5 км сумен қамту, 6,7 км су бұру желілері салынды. Биылғы жылы 10,5 км сумен қамту және 9 км су бұру желілерін салу жоспарлануда. Ағымдағы жылы шағын аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін Ақсай су тазарту станциясының құрылысы басталады.
А.Темештің өтініші бойынша Қоғамдық денсаулық басқармасына оның кішкентай баласының денсаулық жағдайын дұрыс анықтау үшін комиссия құруды және қажет болса медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберуді тапсырды.
"Қамқор" әлеуметтік үйінде тұратын В.Денисенконың сұрағына жауап берген мегаполис әкімі Б.Сағынтаев психионеврологиялық патологиясы бар балаларды оңалту қызметтері "Қамқор" ғимаратынан Шәріпов көшесіндегі өзге нысанға көшірілетіні туралы хабарлады. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды толық 8 сағаттық сабақтармен қамтуға мүмкіндік береді. Өзге нысанға көшіру жыл соңына жоспарланған.