Сапарбаев деген өте әккі, тәжірибелі әкім – саясаттанушы
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымда небары 1 күн ғана отырды. Себебі Тараз қаласының экс-әкімі 2019 жылы Президенттің бұйрығымен қызметінен қуылған болатын. Алайда араға 2 жыл салып, облыс әкімі Қайрат Досаевты лауазымды қызметке лайық деп тапқан. Бердібек Сапарбаев бұл әрекеті үшін Мемлекет басшысынан сөгіс естіді.
Президенттің пәрменімен жұмыстан қуыла тұра, мемлекеттік қызметке қайта оралған Қайрат Досаев кім деген сауал туындайды. Ол 2019 жылы Тараз қаласын басқарып тұрғанда 7 сынып оқушысын мектеп аумағындағы дәретханада зорлап кеткені әлі күнге елдің есінде. Шулы оқиғадан кейін шаһар басшысын Қасым-Жомарт Тоқаев қызметінен босатқан болатын. Сөйтіп, 2 жыл уақыт өтер-өтпестен лауазымды орынға отырған Қайрат Досаев облыс әкіміне қай қылығымен жаққаны әзірге құпия.
Самат Нұртаза, саясаттанушы:
Бердібек Сапарбаев деген кісі – менің ойымша, өте бір әккі, тәжірибелі әкімдердің бірі. Бес облыста әкім болды. Сондай адамның сөгіс естуі мен үшін сюрприз болды. Егер де Мемлекет басшысы сөгіс жарияласа, ол үшін толықтай қисыны болды деген сөз.
Мемлекет басшысы жұмысына салғырт қараған әкім-қараларға осыған дейін де талай мәрте сөгіс жаудырған. Президент былтыр маусым айында індеттің дендеуіне жол беріп, қызметін шала атқарған Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа және вице-премьер Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялағаны есте.
Десе де, түрлі себеппен отставкаға жіберілген шенділердің басқару ісіне қайта оралуы бізде жиі кездеседі. Мысалы, "Сенім лимитін сарқыған" Ғабидолла Әбдірахимов қазір Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымында. Одан басқа, Ұлттық банк тізгініндегі Ерболат Досаев пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев та бұл тізімді толықтырып тұр.