Тоқаевқа резонанстық қылмыстық істердің тергеу нәтижелері баяндалды
Мемлекет басшысы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурордың еліміздегі заң нормаларының сақталуы жөніндегі есебін тыңдады, делінген Ақорда хабарламасында.
Президентке елдегі қылмыстық ахуал, соның ішінде, алаяқтық, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, заңсыз есірткі айналымы және басқа да қауіпті құқық бұзушылықтарға қарсы күресті үйлестіру шаралары туралы ақпарат берілді.
Ғизат Нұрдәулетов қылмыстық іс жүргізудің үш буынды моделіне өтудің алғашқы кезеңінің іске асырылу барысы және 2022 жылдан бастап енгізіле бастайтын екінші кезеңге дайындық жөнінде есеп берді.
Мемлекет басшысына ел ішінде резонанс тудырған қылмыстық істерді тергеу нәтижелері және қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі жұмыстардың қорытындысы туралы баяндалды. Бас прокурордың мәліметіне сәйкес, прокуратура органдарының қабылдаған шараларының нәтижесінде жыл басынан бері 5 мыңға жуық азаматтың, 92 мың кәсіпкердің құқықтары қорғалып, бюджетке 17 миллиард теңге қайтарылған. 11 мыңнан астам тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ қылмыстық-құқық саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Бас прокурор өзге елдермен жасалатын келісімдер мен алда болатын көпжақты іс-шараларға қатысу жоспарларымен бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық өмірдің барлық саласында заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, Ғизат Нұрдәулетовке бірқатар тапсырма берді.