ИКАО Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттырды
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін көтерді. Бұл - әлемдік орташа көрсеткіштен 15%-ға жоғары. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ақпарат таратты, деп хабарлайды zakon.kz.
Азаматтық авиация саласын басқарудың жаңа моделіне көшу жөніндегі Ұлт жоспарының 68-қадамын іске асыру шеңберінде ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесікен жұмысы ИКАО тарапынан жоғары бағаланды. Осылайша, 2021 жылдың 2-11 тамыз аралығында ұшу қауіпсіздігі бойынша жүргізілген ИКАО тексеруінің алдын ала нәтижелері бойынша Қазақстан ИКАО стандарттарына сәйкестіктің орташа әлемдік деңгейінен 15%-ға асып, 84%-ға жетті, делінген ААК баспасөз қызметі хабарламасында.
ИКАО стандарттарына сәйкестіктің өсуі тексерудің келесі салалары бойынша көрсетілді:
- Негізгі авиациялық заңнама (LEG) 61%-дан 81%-ға дейін;
- Азаматтық авиация ұйымы (ORG) 37%-дан 75%-ға дейін;
- Аэронавигациялық қызмет көрсету (ANS) 87%-дан 95%-ға дейін;
- Әуеайлақтар және жердегі қызмет көрсету (AGA) 56%-дан 90%-ға дейін;
- Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру (AIG) 47%-дан 53%-ға дейін.
Қазақстан Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігіне (EASA) мүше елдердің ИКАО стандарттарына сәйкестіктің орташа деңгейіне қол жеткізді (84%). Қазіргі уақытта осы көрсеткіш бойынша біз көптеген еуропалық елдерден жоғары орналастық және Нидерланды – 87%; Бельгия – 87%; Португалия – 87%; Чехия – 87%; Латвия – 86%; Дания – 85%; Исландия – 84%; Польша – 84%; Словения – 82%, Кипр - 82% сияқты еуропалық елдермен қатар тұрмыз, делінеді ресми хабарламада.
Нәтижелер жақын арада ИКАО сайтында ресми түрде жарияланады және барлық мемлекеттерге қолжетімді болады.
ИКАО-ның осы тексеруі азаматтық авиация саласын басқарудағы жаңа тәсілді және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды ұйымдастыру бойынша бұрын анықталған ескертулерді жою бойынша Қазақстан қол жеткізген прогресті бағалауға бағытталған. Жалпы, ИКАО саланы реттеуде айтарлықтай өзгерістер болған жағдайда елді тексеруді бастайды. Қазақстанның Ұлт жоспарына сәйкес елдегі ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру моделін трансформациялау жөніндегі бастамасы ИКАО штаб-пәтері, еуропалық өңірлік кеңсе және ИКАО-ға мүше мемлекет аудиторлары жүргізген ИКАО тәуелсіз бағалауымен оң бағаланды.
ИКАО аудиторлары Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің жүргізген жемісті жұмысын және басқарудың жаңа тәсілі іске қосылған сәттен бастап қол жеткізілген елеулі прогресті атап өтті.
Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі бойынша елеулі ескертулердің болмауы үшінші елдердің пайдаланушысы авторизациялағаннан кейін әуе компанияларға Еуропалық Одақ елдеріне рейстерді еркін орындауға мүмкіндік береді, - дейді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комиетінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда отандық әуе компанияларды Еуропалық комиссияның "қара тізіміне" енгізуге және шет елдерге ұшуларға санкциялар немесе шектеулер енгізуге қауіп жоқ екенін атап өту қажет.