Нұрлан Нығматулин Швейцария Парламентінің спикерімен кездесті
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Андреас Эби бастаған делегация өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Палата Спикері Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесі Төрағасының Қазақстанға тұңғыш рет жасап отырған ресми сапарына ерекше назар аударып, Қазақстан Тәуелсіздігінінің 30 жылдық және Швейцария Конфедерациясы құрылғанының 730 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген тарихи маңыздылығына баса назар аударды.
Одан әрі тараптар екі ел арасындағы, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ортақ ойларымен бөлісті.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Швейцария біздің еліміздің Еуропадағы маңызды саяси және сауда-экономикалық әріптесі саналады. Өзара қарым-қатынас орнаған 29 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан мен Берн арасында барлық сала бойынша ықпалдастық табысты дамып келеді. Осы ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық-швейцариялық ынтымақтастықтың берік негізін қалап, елдеріміз арасындағы әріптестікті дамытуға зор көңіл бөлгенін алға тарта келіп, Мәжіліс Спикері Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған мемлекетпен екіжақты байланысты одан әрі тереңдетуге зор көңіл бөлетінін атап өтті.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Мемлекет Басшысының саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалары турасында кеңінен әңгімеледі.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Швейцария Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі. Бұл ел біздің экономикамызға 30 млрд. долларға жуық инвестиция жасады. Швейцариялық капиталдың қатысуымен Қазақстанда 400 ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.
Нұрлан Нығматулин Қазақстан саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айта келіп, осы жолда барлық салада, соның ішінде заңнамалық органдар арасындағы серіктестіктің маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде Андреас Эби Қазақстан ауқымды жері бар әлемдегі ірі мемлекеттің бірі екеніне тоқталып, біздің еліміздің экономикалық дамуы қарқынды, модернизациялық жетістіктері жоғары, демократиялық ұстанымдары берік екенін айтты.
Кездесу иелері қос мемлекеттің тарихи, мәдени ұқсас байланыстары тереңде екенін алға тарта келіп, елдеріміз арасындағы байланысты барлық салада одан әрі табысты дамытудың мүмкіндіктері зор екенін атап өтті.