Алматыда 35 мың студентке жатақханадан орын жетпей қалды
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жатақхана жетіспеушілігі мәселесін көтеріп, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Cтуденттің сапалы білім алуы үшін, оның жатақханамен қамтамасыз етілуінің маңызы зор. Елімізде 1,1 миллионнан астам студенттер білім алады. Оның тек 16 пайызы ғана (174 мың) жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде жатақхана жетіспеушілігі 80 мың орынды құрап отыр, делінеді сауалда.
Бұл мәселені уақытында шешу үшін Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған.
Бірақ, аймақтарға келетін болсақ, бастама әркелкі жүзеге асуда. Әсіресе, cтуденттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық (38 университет, ЖОО) студент білім алса, оның тек 31 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша жатақхана жетіспеушілігі 35 мың орынды құрап отыр.
Жоғарыда берілген тапсырмаға сәйкес, Алматы қаласында 2022 жылдың соңына дейін университеттерде 16 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет.
Бірақ, соңғы үш жылдың өзінде 1600 орынға жуық тек 6 студенттік жатақхана бой көтерді. Бұл көрсеткіш тиісті мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысында олқылықтардың бар екендігін аңғартады.
Дәлел ретінде, осы жылдың басында Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетіне тиесілі территорияда 400 орындық жатақхананың құрылысы басталмай жатып тоқтатылды. Бұл құрылыстың тоқтауына паркпен ұштасып жатқандығын арқау еткен тұрғындардың шағымы әсер етті.
Негізі 11 сотық жер телімі тікелей университеттің заңды территориясы екені құжаттармен расталса да, әкімдік тарапынан жерді ауыстыру мәселесі қарастырылды. Құрылыс маусымын пайдаланудың орнына, арада 8 ай өтсе де, әкімдік тарапынан жер бөлу мәселесі шешімін таппай келеді, қоғамдық тыңдау да, жаңа жердің экологиялық зерттемесі де өткізілмеді. Тоқетері студенттік жатақхана құрылысы басталмады.
Мысалы соңғы 3 жылда Педагогикалық университеттегі студенттердің саны 4 есеге, яғни 16,1 мың білім алушыға көбейген, оның ішінде өзге аймақтан келгендері 11 мың жасты құрайды. Бүгінде ҚазҰПУ-да небәрі 1300 орындық 5 жатақханада, студенттердің тек 8 проценті ғана тұрады. Қалған студенттер пәтер жалдап, оқумен емес, пәтер ақысын төлеумен әлек болып жүр. Дәл мұндай жағдай еліміздің көптеген оқу ордаларына тиесілі.
Сонымен қатар, партиямыздың жас буыны, ең ірі жастар ұйымы "Jas Otan"-ның тарапынан жүйелі ұйымдастырылатын студенттік жатақханаларға мониторингтің нәтижесінде, олардың әлеуметтік жағдайы және кезекті жөндеу жұмыстары да сын көтермей жатады.
Оған дәлел ретінде, кеше ғана әлеуметтік желі беттерінде таралған Қостанайдағы студенттік жатақхананың қазіргі жағдайы.
"Nur Otan" фракциясының депутаттары жаз айларында 1300-ден астам кездесу өткізді. Оның ішінде 1,5 жыл бойы қашықтан білім алған студенттер тарапынан жатақханамен қамтамасыз ету бойынша өзекті сұрақтар көтерілді.
"Nur Otan" партиясының Сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2021 жылы еліміз бойынша 10 мың орынға арналған студенттік жатақханалар салынуы тиіс. Бұл бас партия тарапынан қойылған нақты, әрі студент жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шешім.
Жоғарыда көтерілген мәселелерге байланысты, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша сұрақтарды жүйелі түрде шешуді ұсынамыз.
Біріншіден, студенттік жатақханаларды аса маңызды әлеуметтік нысан ретінде қарастырып, әкімдіктер тарапынан жерді бөлу, сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды, бюрократизмге айналдырмай шешу жолдарын қарастыруды.
Екіншіден, еліміз бойынша ең көп университеттер орналасқан Алматы қаласында сейсмикалық талаптарға сай 9-10 қабатты жатақханалар салу мәселесін ойластыру.
Үшіншіден, еліміздің ең ірі педагогикалық университетінің жатақхана салуға арналған тиісті жер мәселесін шешуді.
Төртіншіден, студенттік жатақханалардың заманға сай жабдықталуы мен олардың кезекті жөндеу жұмыстарын уақытында іске асыруды қолға алуды сұраймыз.
Елбасы, партия Төрағасының студенттерді қолдауға бағытталған тапсырмаларын уақытында, әрі сапалы орындау басты міндет екенін ескертеміз. Бұл әрдайым "Nur Otan" партиясының қатаң бақылауында болмақ.