Қазақстанда жас ғалымдардың І Халықаралық форумы өтті
Мемлекеттік хатшы жас ғалымдардың І Халықаралық форумына қатысты, деп хабарлайды zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған "Тәуелсіз Қазақстанның зияткерлік әлеуеті: қалыптасуы мен дамуына 30 жыл" атты І Халықаралық жас ғалымдар форумына қатысты.
Қырымбек Көшербаев форумның "Мемлекет, ғылым мен бизнестің өзара әрекеті – елдің инновациялық дамуының негізгі факторы" атты пленарлық сессиясында сөз сөйледі. Өз сөзінде ол Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатының арқасында қазақстандық ғылымның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, жас ғалымдарды мемлекеттік тұрғыдан қолдаудың тетіктерін жетілдіретін нақты әрі маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы заманауи ғылымды ілгерілету, қол жеткен жетістіктерін ел ішінде кеңінен насихаттау ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттарының бірі екенін айтты. Бұл тарапта атқарылатын жұмыс аз емес. Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, ғылыми-технологиялық және инновациялық бағыттағы жұмыстарға уақыт талабына сай өзгеріс қажет. Атап айтқанда, ұлттық инновациялық жүйе құру және басқару ісіне жаңа механизм енгізілуі керек.
Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғалымдардың ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында әлемнің іргелі ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге 500 грант және "Жас ғалым" жобасы бойынша докторантураны аяқтаған азаматтарға 1000 грант бөлуге қатысты жұмыстар жүріп жатқанын мысал ретінде атап өтті.
Сөз соңында Мемлекеттік хатшы осындай халықаралық іс-шара ұйымдастырған Нұрсұлтан Назарбаев қорына алғыс айтып, форум жұмысы отандық ғылымның дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді.