Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға барады
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына және ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысады. Екі айтулы жиын да Тәжікстанда өтеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі 16 қыркүйекте Душанбеде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтетінін хабарлады.
Мемлекет басшылары халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері мен сессияаралық кезеңдегі ұйым қызметінің негізгі нәтижелері бойынша пікір алмасады, сондай-ақ Армения Республикасының ҰҚШҰ-ға алдағы төрағалығы кезіндегі қызметтің басым бағыттары туралы ақпаратты тыңдалады, делінген хабарламада.
Сессияға қатысушылар:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев;
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон;
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров;
Армения премьер-министрі Никол Пашинян;
Беларусь президенті Александр Лукашенко;
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин;
ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зас.
Сессия қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Декларациясы мен 15-ке жуық шешім қабылдау жоспарланып отыр.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің алдыңғы отырысы 23 тамызда өтті. Ол ерекше болды. Содан кейін мемлекет басшылары Ауғанстандағы жағдай бойынша пікір алмасты.
Ал 17 қыркүйекте Душанбеде ШЫҰ құрылғанына 20 жыл толуына орай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары кеңесінің отырысы өтеді.