Бұрынғы қаржы вице-министрі төрт жылға сотталды
Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық No2 соты бұрынғы қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
Сот Руслан Еңсебаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды және осы бап бойынша оны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын орташа қылмыстық-атқару мекемесінде өтеуді үкім етті. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органында, ҚР Ұлттық банкінде, оған бағынышты мекемелерде, қаржы нарығы мен қаржы ұйымын бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда өмір бойына қызмет ету құқығынан айырылды, - деді No2 аудандық сотының судьясы Бақытжан Есенов.
Ол үкім заңды күшіне енгенге дейін кепіл түріндегі таңдалған бұлтартпау шарасы қамау түрінде ауыстырылып, оны бірден сот залында қамауға алу керектігін айтты.
Кепіл кепілгерге қайтарылсын. Жазаның орындалуы үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі. ҚР Қылмыстық кодексінің 62-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзімі 2021 жылдың 23 қыркүйегінен бастап, яғни үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда ұстау уақытымен есептеледі, - деп түсіндірді судья.
Сотта атап көрсетілгендей, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық №o2 соты Р.С.Еңсебаевқа, А.А.Ескендіровке, Ж.У. Байбосыновқа жәнеД.Е. Бұхарбайға қатысты айыптаушы үкім шығарылды. Сот барысында анықтағандай, Еңсебаев Қаржы министрлігінің цифрландыру жобаларын ақпараттық қолдау қызметтерін сатып алу жөніндегі тендердің "Аль-Фараби Partners" ЖШС-ға бұйыртқаны үшін Байбосынов пен Бұхарбайдан 1,2 миллион теңге көлемінде пара алды. Ескендіров (Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары) Бұхарбай мен Байбосыновтан "Аль-Фараби Partners" ЖШС мен "Астана Телевизия" ЖШС арасында қосалқы мердігерлік жұмыстар бойынша келісімшарттар жасасу кезінде құжаттарға қол қоюды жылдамдатқаны және сырттай қолдау көрсеткені үшін 2,3 миллион теңге көлемінде пара алды. Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, банк шоттары түбіршектерімен дәлелденді. Еңсебаев пен Ескендіров пара алғаны үшін кінәлі деп танылды (Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 2-бөлігі). Байбосынов пен Бұхарбай - алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен бірнеше рет пара беру (ҚК 367-бабы, 3-бөлігі, 1-ші, 3-ші тармақтар).
Сонымен қатар сот айыпталушыларға қандай жаза қолданылатынын түсіндірді.
Сонымен, пара алғаны үшін (ҚР ҚК 366-бабы, 2-бөлігі) 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Сот антты бұзу ауырлататын жағдай деп таныды және Еңсебаев пен Ескендіровке 4 жылға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды әділ деп тапты. Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бірнеше рет пара беру заң бойынша неғұрлым қатаң жазаға - 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеліп соғатыны айтылды. Сот кәмелетке толмаған балаларының болуын Байбосынов үшін жеңілдететін жағдай деп таныды. Бұхарбайға қатысты ауырлататын мән-жайлар жоқ. Осыны ескере отырып, Байбосынов пен Бұхарбайға заңмен белгіленген ең төменгі жаза тағайындалды - 7 жылға бас бостандығынан айыру. Сотталушылар үкім жарияланғаннан кейін қамауға алынды. Барлығы өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Оксана Скибан, Кәмшат Сатиева