Жұмыс берушілерге жаңа салық түрін енгізу ұсынылды
Еңбек министрлігі Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың саны 702,2 мыңға жеткеніне назар аудартады. Тиісінше, жаңа төлемді ұжымына мүмкіндігі шектеулі адамды алмайтын компаниялар мен кәсіпорындар төлейді деп күтілуде. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігі "Мүгедектігі бар адамдарды (МБА) жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің Өтемақы жарнасын төлеуді енгізу" бастамасын жария етті, деп хабарлайды zakon.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл ұсыныс ведомство әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылып отыр.
Бұл не үшін қажет?
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту және жұмыс берушілерді МБА-ларды жұмыспен қамтуға ынталандыру мақсатында мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің өтемақы жарналарын төлеуді енгізу ұсынылады. Бұл қаражат бір жерде шоғырландырылып, МБА-ларды жұмыспен қамтудың нақты шараларына бағытталатын болады, – деп мәлімдеді еңбек ведомствосы.
Ол қандай шаралар?
Біріншіден, министрліктің мәліметінше, командасында бірде-бір кемтар жан жоқ ұйымдар мен компаниялардан жиналған бұл қаражат керісінше, жарымжан жандарға жұмыс орнын құрған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға жұмсалады.
Екіншіден, аталған жарна есебінен кембағал адамдарды жұмысқа орналасуға қажетті дағдыларға оқыту ұйымдастырылмақ.
Үшіншіден, мүгедектігі бар адамдардың әлеуетті жұмыс берушілерде ақысы төленетін тағылымдамадан өтуі ұйымдастырылмақ.
Төртіншіден, жарнаның бір бөлігі осы бағыттағы жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпараттық-талдамалық іс-шараларды қолдауға жұмсалады. Бұл ұғымның аясы кең. Түрлі консультацияларға, зерттеулерге, ақпарат құралдары мен блогерлер арқылы насихаттауға шығындалуы да ғажап емес.
Билік бұл қадамға амалсыздан барып отырғанға ұқсайды. Себебі, мүгедектігі бар азаматтар қатары артып келеді. 2019 жылы республикада бұл санаттағы жалпы саны 680 мың адам тұрып жатқаны айтылды. Бүгінде мүгедектер саны 702,2 мыңға жеткен. Оның 424,5 мыңы немесе 60,5% еңбекке қабілетті жаста.
"Халықты жұмыспен қамту туралы" қолданыстағы заңға сәйкес, жергілікті әкімдіктер ауыр, зиянды, қауіпті жұмыстардан басқа барлық жұмыс орындары санының 2%-дан 4%-ға дейінгі көлемінде мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарының квотасын белгілейді.
Соңғы уақытта квота аясында небары 21,4 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды. Яғни, 97,9 мыңдық квота 21,9%-ға ғана орындалды. Жалпы алғанда, еңбекке қабілетті 424,5 мың МБА арасында небары 126 мыңы немесе 29,6%-ы ғана белсенді еңбек қызметіне тартылған. Дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ-да бұл көрсеткіш 40%-ға дейін жетеді, – деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Бұдан бөлек, 7 өңірде – Шымкентте, СҚО, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды және Қызылорда облыстарында квота аудан, қала әкімдіктерінің қаулыларымен белгілене салынған және ондағы кәсіпорындар тізімі жергілікті жұмыс берушілердің бәрін қамтымаған. Бұл да бір жемқорлық қайнары болуы мүмкін.
Квотаны орындамау неге соқтырады?
Еңбек ведомствосының түсіндіруінше, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 98-бабына сәйкес, квотаны сақтамаған жұмыс берушілерге алдымен ескерту жасалады.
Егер бұзушылық қайта анықталса, шағын кәсіпкерлікке – 5 АЕК (14 585 теңге), орта кәсіпкерге – 7 АЕК (20 419 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК (29 170 теңге) әкімшілік айыппұл салынады.
Квотаны сақтамағаны үшін салынған айыппұлдар туралы нақты мәлімет жоқ. Әкімшілік айыппұлдар тегіс республикалық бюджетке түсетіндіктен олар мүгедектер үшін жұмыс орнын құруға еш ықпал етпейді, – деп түсініктеме берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Оның сарапшыларының байламынша, кембағал жандарды командасына алуға еш құлқы жоқ компанияларға ол пиғылын жасыру үшін жалған құжаттар жасаудың, не басқа да қулық-сұмдыққа барудың қажеті болмайды: өтемақы жарнасын төлеп, тыныш қана жұмыс істей бермек. Бұл жағдайда жарна төлейтін жұмыс берушілерге квотаны орындамағаны үшін айыппұл салынбайды.
Қазақстан "Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияға" қосылу арқылы МБА-лардың еңбек ету құқығын қамтамасыз ету және ынталандыру жөнінде міндеттеме алды. Осы мақсатта республика кәсіптік және біліктілік оңалту бағдарламаларын ілгерілетуге, мүгедек болып қалған адамдардың жұмыс орындарын сақтауға, олар үшін жұмысқа орналасу және мансап бойынша өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар қабылдауы шарт. Ал жұмыс берушілерден жиналатын жаңа жарна түрі мүмкіндігі шектеулі жандардың табыс табуына, қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік береді деп күтілуде.
Айыппұлдан жарна жақсы деп танылды
Қазақстан алдағы 2 жылда тұрақты жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесін 23,3%-дан 30%-ға дейін арттыруды мақсат етіп отыр.
Сарапшылар жаңа алым түрін енгізбей, орнына басқа баламаны қолдануды ұсыныпты. Яғни, қазіргі айыппұл көлемін еселеп өсіру керек делінген. Нақтылай кетсек, министрлік квотаны орындамағаны үшін айыппұл сомасын лауазымды тұлғаға – 15 АЕК-ке (43 755 теңге), шағын кәсіпкерлікке – 100 АЕК-ке (291 700 теңге), орта кәсіпкерлерге – 200 АЕК-ке (583 400 теңге) және ірі нысандарға – 500 АЕК-ке (1 458 500 теңгеге) дейін өсіру жайын пысықтаған.
Дегенмен, бұл баламадан бас тартыпты. Себебі, айыппұлдардың ұлғаюы жұмыс берушілерді мүгедектерді жұмысқа қабылдауға ынталандыру бойынша ешқандай өзгеріс әкелмейді.
Жаңа заң жобасындағы осы норма МБА-ларды жұмысқа орналастыруға мүдделі емес жұмыс берушілердің қосымша қаржылық шығын шығаруын қарастырады. Оның орнына МБА-ларды квотадан көп алатын, олар үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілер материалдық тұрғыдан ынталандырылатын болады. Олар осы жарна есебінен МБА өкілдері арасынан білікті маманды жұмысқа ала алады. Қазіргі айыппұлдардан айырмашылығы сол, өтемақы жарналары тікелей мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіруге бағытталады, – делінген министрліктің талдауында.
Әзірге жаңа жарна көлемінің қанша болатыны нақтыланбады. Ал оны енгізу мерзімі ретінде 2022 жылдың 1 қаңтары аталып отыр.
Жанат Ардақ