Қазақстанның зейнетақы жүйесіне қандай өзгерістер енгізілгелі жатыр
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар әзірледі, деп хабарлайды zakon.kz.
Зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды 2019 жылы Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы ұзақ мерзімді актуарлық модельдерді құру негізінде әзірленгені, бұл жұмыстың маңызды бағыты ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру болып табылатыны айтылады.
Қолданыстағы тұжырымдама аясында 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделгенін атап өткен жөн. Сондықтан ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны тағайындау тетігі белгілі бір тұстарын жетілдіре отырып, базалық зейнетақыны тағайындаудың қолданыстағы әдістемесіне негізделген, делінген Еңбек министрлігі хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Еңбекмині Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегайдың айтуынша, қазіргі уақытта ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны тағайындау тетігі пысықталуда, ол мыналарды көздейді:
– ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі - ЕТКД) 54%-нан 70%-на дейін ұлғайту ұсынылады;
- қатысудың ең аз өтілін 10 жылдан 5 жылға дейін азайту;
- зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау (қазіргі уақытта ең жоғары шектеу қатысу өтілі 33 жыл және одан көп болған кезде 1 ЕТКД-ні құрайды).
Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруды, барлық азаматтарға қатысты бірыңғай көзқарасты, ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіруді, зейнеткерлік алдындағы және зейнеткерлік жастағы азаматтардың еңбек қатынастарын және жұмыспен қамтылуын ынталандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл халықаралық сарапшылардың ұсынымдарына сәйкес келеді.
Бұл ретте Тұжырымдамада зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар үшін зейнеткерлікке шығуды "кейінге қалдыру" құқығын беру көзделеді. Бұл болашақта ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік береді, өйткені зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейінгі еңбек кезеңдері оның мөлшерін анықтау кезінде ескерілетін болады, – деді Виктория Шегай.
Жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын (бұдан әрі – ЖБМЗЖ) енгізу болып табылады.
Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен өз жұмыскерлерінің пайдасына жұмыскердің табысынан міндетті 5% зейнетақы жарнасын аударатын болады.
Мемлекет басшысы ЖБМЗЖ мақсатын шартты-жинақтаушы құрамдауышты қалыптастырудан азаматтардың жеке зейнетақы жинақтарын толықтыруға өзгерту, сондай-ақ кейіннен оларды әлеуметтік мұқтаждыққа пайдалану құқығын бере отырып, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ЖБМЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының бір бөлігімен толықтыру (салымшының таңдауы бойынша) арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке нысаналы шоттарды енгізу жөніндегі тәсілдерді мақұлдады.
ҚР Салық кодексінің шеңберінде жұмыс берушілерге жүктемені төмендету үшін енгізілетін ЖБМЗЖ шегерімдеріне жатқызу бөлігінде жеңілдіктер берілгенін атап өту қажет.
Бүгінгі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес есептеледі. Зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін және егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар зейнетақы төлемдерін алушылар үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының жекелеген коэффициенттері енгізілді.
Тұжырымдамаға түзетулер аясында еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлерге қатысты өлім-жітімнің жекелеген коэффициенттерін пайдалану мәселесі қарастырылуда, оларды өмір бойғы зейнетақы аннуитетінің құнын есептеу кезінде қолдану жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдық зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар үшін зейнетақы аннуитетін ресімдеу мүмкіндігін неғұрлым қолжетімді етеді, – деп қосты Виктория Шегай.
Табысты зейнетақы төлемдерімен алмастыру деңгейін сақтау үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алудың параметрлері мен шарттарын жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Тұжырымдамада ұсынылған шаралар болашақ алушылардың зейнетақысының мөлшерін олардың еңбек өтіліне барабар қамтамасыз етуге, зейнетақы төлемдерінің "сатып алу" қабілетін және жоғалтылған табысты алмастырудың халықаралық зейнетақымен қамсыздандыру стандарттарына сәйкес келетін деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта "Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы" ҚР Үкіметі қаулысының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі.