Өскемен әуежайында рейстер қайта жанданды
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жөніндегі жобаны іске асыруды жалғастыруда, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда ұшу-қону жолағын 2 500 метрден 2 800 метрге дейін ұзарту және ИКАО I санаты бойынша заманауи жарық-сигналдық жабдықты орнату бойынша жұмыстар аяқталды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуежайды пайдалануға, оның ішінде түнгі уақытта пайдалануға рұқсат берді.
Сондай-ақ жобада рульдеу жолдарын, перронды, тұрақ орындарын, периметр бойынша күзеттік жарықтандыру және бейнебақылау орындарын реконструкциялау және жүк терминалын, уақытша сақтау қоймасы мен гаражды салу көзделген. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласына (Эйр Астана - аптасына 7 рейс, Скат - аптасына 4 рейс, Qazaq Air - аптасына 2 рейс) Алматы қаласына (Эйр Астана - аптасына 7 рейс, Скат - аптасына 7 рейс, Qazaq Air - аптасына 4 рейс), Қарағанды қаласына (Qazaq Air - аптасына 2 рейс), 7 қазаннан бастап Зайсан қаласына (Оңтүстік аспан - аптасына 2 рейс) рейстер қайта жалғастырылды.
Әуежайды жаңғырту әуеайлақта әуе кемелерді пайдалану қауіпсіздігін арттыру, әуеайлақ элементтерінің параметрлерін ИКАО сыныптамасы бойынша халықаралық стандарттарға дейін жеткізу, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялар пайдаланатын B767, 737, 757, A-320, A-321 үлгісіндегі қазіргі заманғы әуе кемелерін қабылдау үшін әуеайлақ жабындарының көтергіш қабілетін арттыру мақсатында жүргізіледі.