Қазақстанда жол белгілері, жарнама мен бағалар енді қазақша жазылады
Мәжіліс депутаттары палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста мемлекеттік тілдің рөлін одан әрі күшейтуге бағытталған заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
Осындай түзетулер "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасымен енгізілген. Заң жобасының мақсаты - сыртқы жарнама мәтіндері мен белгілерінің, басқа көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде дұрыс берілуіне және аудармасының түпнұсқалығына қосымша талаптарды белгілеу.
- Бүгінде мемлекеттік тіл мәселесі баршаны алаңдатады, олардың арасында біздің сайлаушылар жиі көтеретін мәселелердің бірі - көрнекі ақпарат мәтінінің қазақ тілінде сауатсыз ұсынылуы, ал кейбір жағдайларда тіпті ақпараттың болмауы. Осыны ескере отырып, нақты талап енгізілуде, атап айтқанда: әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын мемлекеттік тілде жазуға, және мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және басқа да тілдерде жазуға бағытталған түзетулер енгізді. Бұл ретте, егер мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгілері пайдаланылған жағдайда, олар өзгермейтін түрде жазылады, - деді депутат Берік Әбдіғалиұлы.
Сонымен қатар, Заң жобасы хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және басқа да тілдерде ұсынады, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе.
- Көрнекі ақпарат мәтіндерін орналастыру мәселелері жөніндегі заңнамалық актілердің нормаларын "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізді, - деді депутат.
- Мен бұл түзетулер қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде барған сайын көтеріліп келе жатқан мемлекеттік тілдің мәртебесі мәселелерін шешуге бір қадам жақындатады деген үмітімді тағы да айтқым келеді. Біз бұл ұсыныстар әрбір азаматтың, әсіресе кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз, - деп түсіндірді мәжілісмен.
Бұдан басқа, дін саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейтін нормалар енгізілді. Айталық, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізу туралы хабарлау рәсімі хабарлама тәртібіне ауыстырылады, өңірлік діни бірлестіктерді тіркеу кезіндегі талаптар өзгертілді, дінге сенушілердің және дінге сенбейтіндердің азаматтық құқықтары нақтыланды, дінтану сараптамасын жүргізуге тартылатын адамдар тобы кеңейтілді.
Діни қызметті регламенттейтін ұсыныстардың енгізілуіне байланысты заң жобасының тақырыбын "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп өзгерту бойынша түзету енгізілді.
Бұдан басқа, жекелеген нормалар нақтыланып, заң жобасының мазмұнын жақсартатын редакциялық түзетулер енгізілді.
Депутаттардың ұсыныстарын қарау қорытындысы бойынша заң жобасында Қазақстан Республикасының 1 кодексіне және 16 заңына түзетулер енгізу көзделген.
Мадина Мамырханова, Нұр-Сұлтан