ЕТС тауар биржасының үстем жағдайды теріс пайдаланғаны анықталды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі электрондық сауда алаңдарында сұйытылған мұнай газы бағасының өсуіне қатысты нарық субъектілерінің көптеген шағымдары бойынша "ЕТС "Тауар биржасы" АҚ қызметіне монополияға қарсы заңнаманы сақтау тұрғысынан талдау жүргізді, деп хабарлайды zakon.kz.
ҚР Энергетика министрлігі бекіткен электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газы сауда-саттығын ұйымдастыру және өткізу қағидаларына сәйкес, егер бір сауда сессиясына тиісті сауда құралы бойынша мәмілелер жасалмаса, келесі сауда сессияларында базалық баға әр сессиясына кемінде 10% - ға төмендейді. Талдау барысында анықталғандай, БКО тауар биржасы осы талаптарды сақтамаған.
Сондай-ақ, Ережемен сатып алуға өтінімдер көрсетілген бағалардың кему тәртібімен, ал бағалар тең болған кезде – олардың сауда жүйесіне түсу кезектілігі тәртібімен сараланатыны белгіленген. БҚДА талдау кезінде БКО тауар биржасында сатып алушылар арасындағы өтінімдер кезектілігі тәртібінің бұзылғаны анықталды.
Анықталған бұзушылықтар негізінде 2021 жылғы 21 қазанда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "ЕТС "Тауар биржасы" АҚ атына үстем жағдайды теріс пайдалану - нарық субъектілерінің құқықтарын бұзу белгілері бойынша хабарлама шығарды. Хабарлама алынған сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде орындалуға жатады.