Авиаотынмен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шаралар туралы айтылды
Энергетика министрлігі авиаотынмен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұр-Сұлтан қаласының әуежайын авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша қалыптасқан жағдайға қатысты Энергетика министрлігі қыркүйек айының басында әуежайлар мен авиакомпанияларды Павлодар мұнайхимия зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы хабардар еткенін атап өтеді.
Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы бойынша жағдайды шешу мақсатында келесі реттегі шаралар қабылданды:
- Қазан айында Мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) қосымша 2000 тонна авиаотын шығарылады, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына қосымша көлем бөлінетін болады;
- Ірі жеткізушілер қарашаға арналған көлемдер бойынша жедел келісімшарттар жасасады және МӨЗ-ден жөнелтуді жеделдетеді;
- Сондай-ақ, ірі жеткізушілердің бірі Нұр-Сұлтан әуежайына қосымша 700 тонна авиаотын жеткізеді.
Осы орайда, әуежайлар тарапы қажет отын көлемін тек қана ірі емес, сонымен қатар шағын жеткізушілерден коммерциялық бағамен сатып алуы қажет.