Жаңалықтар тізбегі
0

Біреу мақтаса, марапаттаса екен деп жарамсақтанамыз

akorda.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.11.2021 23:57 akorda.kz
Қазір не көп? Атақ көп. Пәленше одақ, түгенше одақ. Жасы да, кәрісі де соған мүше.

Сізде қандай атақ бар? Әсілінде мадақ деп, шатақ шығарып жүрген жоқсыз ба? Олай деуге себеп көп.

Кішкентай балаға "өскенде кім боласың?" деген сұрақты қойып көріңізші. Ол "әкім, әнші не президент боламын" деп жауап беруі мүмкін. Неге? "Зәулім үйім, мықты джипім болады" деген бала арман кеудені соғады. Өмірдің өзі – мысал. Біздегі тәлім сол, тәрбие сол, деп жазады Жас Алаш газеті.

Бала құлақпен естігенін емес, көзбен көргенін істейді. Қазір кім күшті? "Мен күшті". Кім мықты? "Мен мықты". Қу атақты жанымыз құмартып, текке қылғыта берсек болды. Мейлі, қызғанғаннан бізге опа жоқ. Әкім болсын. Депутат та болсын. Ешкімнің болмағын қызғанбаймыз. Күйдіретіні – баланы да атақ-даңққа құмартып алғанымыз.

Біз өзі мадақ пен мақтанға әбден семіріп алдық. Біреу мақтаса, марапаттаса екен деп жарамсақтанамыз. Ал мереке келсе, қайдан, қандай марапат келер деп тосатынымыз тағы бар. Біреуі алса, екіншісі өкпелейді. Үшіншісі алса, төртіншісі шу шығарады. Саймыз ба, жоқ па? Ескерер естісі жоқ.

Ақын Жұмекен Нәжімеденов: "Атақ-даңқ дегеніміз – ит сияқты. Оны біреулер күшігінен асырап, тер төгіп өсіреді, енді біреулер жол ортадан сатып ала салады. Осы ит-атаққа жақсылап тамақ беріп, сылап-сыйпасаң, ол керек кезінде ырылдап сені қорғайды", – деген екен. Қазір не көп? Атақ көп. Пәленше одақ, түгенше одақ. Жасы да, кәрісі де соған мүше. Алғаны алды, бірақ лайықтысы кім? Қарап жатқан ешкім жоқ. Құжатың түгел, жарнаң қалтаңда болса жеткілікті. Қазір не көп? "Құрметті азаматтар" көп. Даулайтыны бар, әкімдікті аралап аулайтыны бар. Тағы да, лайықтысы қайысысы?

"Ғасыр ұстазы", "Алаш ұстазы", "Ұлт ұстазы", "Ұлағатты ұстаз". Дүкендегі сөреде тұрған заттай. Қазақ әліпбиінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлына тағылған "Ұлт ұстазы" атағын қазір екінің бірі алып жүр. Жо-жоқ, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бар. Еңбегі сіңген, беделі артқан жандар жетерлік. Бірақ сатып алғандар сапаны түсіріп тұрғаны қынжылтады. Былтыр шенеуніктердің өзі темір-терсектен жасалған жалған медальдар мен алғыс хатты сатуды, ресми түрде оны беруді қатаң бақылауға аламыз деп бас көтеріп еді. Ол марапаттармен қоса, елде оқушылар арасында өтетін ақылы олимпиадалар, байқауларға тыйым салынады-мыс. Нәтижесі ше?

Ойды ой қуалайды. АҚШ-тың Роберт Фрост деген жазушысы болыпты. Әлгі қаламгер жылдың соңында жарына дастарқан жайдырып, өзі сәнді киініп күтіп отырады екен. Нені дейсіз ғой? Атақты. Оның көкейін тескен – "Нобель" сыйлығы. Жылдың соңында "Нобель" сыйлығынан үміттеніп отырып дүниеден өткен көрінеді. Онсыз да атағы мен орден-медалі жеткілікті Фрост Шекспирден даңқты емес. Себебі, Шекспирді халық мойындаған.

Айтпақшы, бір жапырақ "алғыс хатқа" таласқандарды көз көріп жүр. Ал әлемжеліде биліктің ит-терісін бетіне қаптайтын кей блогерлердің туған күніне арналған құттықтау хаты әкім тарапынан табысталып та жатыр. Сондағысы: "еткен еңбегіңіз, сіңірген маңдай теріңіз" деген сарындағы ыңқыл-сыңқыл. Бірін айтып, екіншісіне өтіп кетіп жатырмыз. Сонымен, мадақты сатып алуға болады. Бірақ шын мәнінде мадақ та, марапат та – жұмысты ілгерілетуге берілетін сый. Еңбекті бағалайтын, атқарған істі таразылайтын алғыс. Ал сұрап һәм сатып алған сый кімді өрге сүйрейді?

Айнұр ӘЛИ

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: