Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатына Қазақстаннан 5 атлет барады
7-17 желтоқсан аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл ерлер арасындағы 86-шы, ал әйелдер арасындағы 29-шы бәсеке. Ташкент төрінде әлем атлеттері 20 салмақта (10 ер, 10 әйелдер) кім мықтыны анықтайды.
Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын зілтеміршілер – Арли Чонтей (55 келі), Нұрғиса Әділетұлы (96 келі), Артем Антропов (96 келі), Карина Күзғанбаева (81 келі), Айзада Муптильда (87+ келі).
Қазір ұлттық құрама спортшылары Алматыда "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығында жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Кеше ҰОК Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов пен Ауыр атлетика федерациясының Бас хатшысы Алдияр Нұралинов құрамасының мүшелерімен кездесіп, сәттілік тіледі, делінеді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің хабарламасында.
Биылғы әлем чемпионаты Перу астанасы Лимада өтуге тиіс болған. Алайда COVID-19-дың таралуына байланысты Халықаралық ауыр атлетика федерациясы аталған чемпионатты өткізуге дайын екенін растаған Өзбекстанға ауыстырды.
Ал әлем чемпионаты аяқталысымен Ташкентте 20-21 желтоқсанда IWF-тің (Халықаралық ауыр атлетика федерациясы) сайлау конгресі өтеді. Жиында Халықаралық федерацияның жаңа басшысы сайланады.