Жаңалықтар тізбегі
0

Баланы кітапқа баулу құрсақтан басталады – сұхбат

кітап, ата-ана, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41 Сурет: pexels
Мамандардың айтуынша, сегізінші аптада құрсақтағы нәрестенің тактильді сезімталдығы дамиды. Ал он төртінші аптада нәресте анасы арқылы ақпарат алуға дайын болады. Осы заңдылықты мамандар да құптап, баланы кітапқа баулу құрсақтан басталатынын айтып отыр.

Zakon.kz тілшісі бұл ақпаратты растау мақсатында Алматыдағы С.Бегалин атындағы орталық қалалық балалар кітапханасының Шет тіліндегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Әбішевамен арнайы сұхбаттасып, баланы кітапқа баулу туралы әңгімелесті.

– Балалар кітапханасының ең кішкентай оқырманы қанша жаста?

– Біздің кітапханаға балалар екі жастан бастап келеді деп айтсам, артық болмайды. Біздің Шет тіліндегі әдебиет бөліміне екі жасынан бастап келіп тұратын бір балақай бар. Қазір оның жасы 4-те. Ата-анасы бұл балаға кішкентайынан бастап ағылшын тілінде кітап оқып келеді. Осы балақай сияқты ата-анасымен немесе ата-әжесімен келетіндер көп. Кітап ағылшын тілінде болғандықтан шығар, көбіне ересектер өздері балаға кітап таңдап береді. Кейде баланың өзі кітапты көріп, ұстап, таңдайды.

– Демек ата-ана мұнда әлі жасқа толмаған, бірнеше айлық сәбиін көтеріп те келе алады, солай ма?

– Сәбилер ата-анасымен келе береді, шектеу жоқ. Негізінен балалар кітапханасы 9-сыныпқа дейінгі оқушыларды қабылдайды, соларға кітап беріледі. 9-сыныптан бастап жасөспірімдер кітапханасына барады. Дегенмен кітапханаға келемін деген адамға бұл жер шектеу қоймайды. Студенттер мен ересектерге де қызмет көрсетеміз.

кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: Zakon.kz

– Бала қай жастан бастап кітаппен танысуы керек? Балаға кітапты қалай таныстыруға болады?

– Әрине, мүмкіндігінше ерте кезден қызығушылығын оятқан абзал.

Шетелдік мамандардың кеңесіне сүйенсек, баланы кітапқа баулу іште жатқан кезінен басталуы керек. Бала құрсаққа біткеннен бастап анасы кітап оқыса, бала оны сол кезден бастап сезінеді, біледі. Ал бала дүниеге келген соң көзі бірнәрсеге тоқтап, қарай алатын кезінен бастап кітапты көрсетіп, ұстатқаныңыз жақсы.

Өзімнің немеремді кішкентайынан кітапқа баулыдық. Шамамен 3-4 айлық кезінде кітап ұстаттық. Бала қызығады, қарайды, ұстап көреді. Кейіннен өсе келе оқып беріп жүрдік, ал қазір өзі оқиды. Өзіне сай таңдауы қалыптасқан, ата-анасынан оқығысы келетін кітаптарды сұрайды. Баланың кітаппен танысуы шамамен осылай жүреді.

Бала өскен үйде кітап болса, ол да жақсы. Бірақ бала бар үйде кітап тұруы міндетті емес. Себебі кітап кітапханаларда жеткілікті, үйге алуға болады. Ол үшін ешқандай қаржының қажеті жоқ.

Тіпті кітапты үйде сақтаудың да қажеті шамалы. Оның бәрін үйде сақтау, қарау да оңай шаруа емес. Мысалы, кітапханаға әр келгенде 5 кітап алып отырса, 10 рет келгенде  бала 50 кітапты оқып шығады. Балалардың кітабында мәтін көп емес, қысқа әңгімелерден тұрады, сондықтан тез оқылады. Осы себепті меніңше, кітапты кітапханадан алған тиімді әрі ыңғайлы.

кітаптар, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: Zakon.kz

– Бала болған соң кітапты жыртып жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайда не істейсіздер?

– Баланың кітапты жыртуы, сызуы – қалыпты жағдай. Ата-аналарға түсіністікпен қарауға тырысамыз, келесіде мұқият болуын сұраймыз. Үлкен кітаптардың мұқабасы қатты, парағы қалың болып келеді де, жыртылмайды. Көбіне кішкентай кітаптар бүлініп келіп жатады. Шет тіліндегі әдебиет бөлімі бұл тұста кішкене қаталдаумыз. Себебі бізде сирек кездесетін, елімізде жоқ кітаптар болады. Ондай кітаптарды беріп жатқанда мұқият болуын сұрап, анықтама жазып береміз. Кейде кітапты жоғалтып алса немесе оқуға келмейтіндей етіп бүлдіріп алса, құнын төлейді, болмаса, орнына кітап әкеледі. Ал негізінен балалар кітапханасына келіп, кітап алатын балақайлар оны таза, бүлінбеген күйінде әкеліп, тапсырады.

кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: Zakon.kz

– Балаларға арналған кітаптар қандай болады? Балаға қандай жанрдағы кітапты оқып беруді ұсынасыз?

– Балабақшаға бара қоймаған балаға арналған кітап көп. Онда суреттер мәтіннен көп болады, әрі тез оқылады. Өте жеңіл түсінуге болатын қысқа әңгімелерден, ертегілерден тұрады. Ал балабақша мен бастауыш класта оқитын балаларға арналған кітаптар арасынан таңдау үлкен.

2-3 жасар балаларға арналған кітаптардың ішінде ұстап көруге, иіскеп, тыңдауға немесе ашып көруге болатын дүниелер болып жатады. Мысалы, арыстан туралы айтып жатып, «Мына жерден оның құйрығын ұстап көруге болады» деп ерекшелеп жасап қойса, бүлдіршіндер соған қызығады. Балаларға арналған кітаптар арасында ертегілер танымал. Шетел тіліндегі кітаптар арасында ертегілерге қарағанда қысқа әңгімелер кең тараған.

Кейбір кітаптарда үлкен философиялық ойлар болады. Мысалы, онда достық, өзге адамға бірнәрсені бөлісу, қамқор болу сияқты адамгершілік қасиет түсіндіріледі. Сонымен қатар, инклюзив қоғам қалыптастыруға көмектесетін, ерекше балалар туралы, оларға қандай қарым-қатынас жасау қажет екенін үйрететін кітаптар бар.

кітаптар, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: Zakon.kz

Біздің бөлімде балалармен бірге бір кітапты оқимыз да, сосын балаларға сол оқиға бойынша сурет салдырамыз. Олар кітаптағы суретке қарамай, менің оқып бергенімді тыңдап, өз қиялына ерік беріп оны қағазға сурет етіп түсіреді. Сонда баланың қиялы шексіз екенін талай рет байқадым. Кітапты оқу және соған арнап сурет салуды балалар бір сағатта үлгеріп жүр.

кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: С.Бегалин атындағы балалар кітапханасы

Әріп танитын, өзі оқи алатын балаға кітапхана қандай кітаптарды ұсынады? 

– Ең әуелі келген ата-анаға немесе балаға өзімізде қандай кітаптар бар екенін көрсетеміз, өзі таңдауына мүмкіндік береміз. Кішкентай балаға әр парақтаған сайын қызығы таусылмайтын, ішінен ерекше нәрселер шығатын кітаптарды көрсетеміз. Кейде балалар Гарри Поттерді сұрайды. Суреттерден тұратын қысқа әңгімелер, балаға бір затты, ұғымды, жануарды таныстыратын кітаптар ұсынылады. Кітапта тек адамға қатысты түсініктер емес, табиғат, тау-тас, су, теңіз, оларды қорғау туралы да айтылғаны дұрыс. Шетел тіліндегі кітаптардан байқайтыным сол – бұл кітаптарда қоршаған ортаны қорғау, табиғат түсінігі көбірек айтылады. 

кітаптар, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: Zakon.kz

Сонымен қатар жылда мектеп лагерлерінен оқушылар келіп, кітапхананы түгел аралайды, біраз кітаппен танысады. Одан бөлек қаладағы балабақшалар мен мектептер бізге өте көп келеді. Оқу жылы кезінде де, жазда да оқушылар мен балабақша балаларына экскурсия ұйымдастырамыз. Балаларды тек аралауға емес, кітапханада болатын түрлі шараға, шеберлік сабақтарына, байқауларға, көрме мен мультфильм тамашалауға шақырамыз. Мысалы, жыл сайын күзде «Кітапханадағы түн» шарасы өтеді. Таңдалған тақырыпқа қарай балаларға арнап түрлі кештер ұйымдастырамыз. Балалар әдетте оқырманға кіруге рұқсат етілмейтін кітап қорын көріп, онда қызық оқиғаларға тап болады. Жаңа жыл қарсаңында «Скандинавия жаңа жылы» өтеді. Сонымен бірге кітапханамызда Сапарғали Бегалиннің жеке заттары, қолжазбалары қойылған музей бар. Оны кез келген адам келіп, тамашалай алады.

Ал актерлік шеберлік сабағы балалардың сенімін арттыруға, өмірде өзін көп алдында ұстауға, мәнерлеп сөйлеуге тәрбиелейді. Көбіне балаларда кітапхана мен кітаптардан жағымды бір әсер қалдыруға тырысамыз. Бала жақсы эмоция алса, кітапханаға келу ықтималдығы жоғары.

Балалар кітапханасы, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: Zakon.kz

– Балаларды қалай кітап оқуға баулуға болады?

– Әрине, ересектер өзі үлгі болғаны дұрыс. Бала әрқашан көргенін істейді. Бірақ қазіргі заманда біраз ата-ананың кітап оқуға уақыты жоқ шығар.

Үлкендер ең болмағанда балаға кітап оқудың маңызын, оның болашағы үшін керек екенін, кітап оқу арқылы жан-жақты тұлғаға айналуға болатынын түсіндіргені, айтқаны жөн. Кітап балаға өзінің болашағын айқындау үшін де керек. Қандай салаға икемі, қызығушылығы бар екенін білу үшін де кітап оқып, мамандықтармен танысқаны дұрыс. Мүмкін бала кітап оқып отырып, қандай мамандықты таңдайтынын шешетін шығар.

Бірақ балаға кітап оқыту да өте қиын. Кейде ата-аналар балаларын кітапханаға зорлап алып келіп жатады. Ал кейбірі өзі оқиды, іздеп келеді. Болашақта дамыған елдердегідей кітап оқитын деңгейге біз де жетеміз деп ойлаймын. Кітапханалар сол үшін күшін салып жатыр. Кітапханамыздың түрлі іс-шара, шеберлік сабақтарын ұйымдастыруы да содан. Баланың кітапқа қызығушылығын қалай да ашқымыз келеді.

кітаптар, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: Zakon.kz

Балабақшадан, мектептен бала келсе, қалай жазылуға, қалай кітап алуға болатынын сұрайды. Балада қызығушылық болса, оны әрі қарай алып кететін ата-ана, ересектер ғой. Ата-ананың баланы дамытуға, оның қызығушылығына мән беруге қаншалықты мүмкіндігі, уақыты бар? Бұл да тұлғаны тәрбиелеуде үлкен роль атқарады. Апта бойы сол баланы асыраймын деп жүрген ата-ана демалыста кітапханаға келе ала ма? Келсе де, жиі келе алмайтын шығар?

Балаға кітаптарды көрсетсе, көп жағдайда қызығады. Әсіресе кішкентай кезінде кітапханаға алып келгені дұрыс. Себебі жасөспірім бола бастағанда гаджет, интернет сияқты нәрсеге үйір бола бастайды. Сол үшін бала кезінен баулу тиімді болады. Ересектер бір қадам жасап, итермелеп жіберсе, бала әрі қарай өзі алып кетеді.

кітапхана, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: С.Бегалин атындағы балалар кітапханасы

Баланың кітап оқуына ата-ананың мүмкіндігі үлкен роль атқарады. Кітапханадан кітапты тегін алады, оған қаражат қажет емес. Ең бастысы уақыты болып, балаға көңілін бөліп, кітапханаға келуді әдетке айналдыра алса, болғаны. Айына 1-2 рет келетін әдет қалыптастырса, соның өзі кітап оқитын тұлға қалыптастыруға жетіп қалады.

Қосымша ақпарат:

С.Бегалин атындағы орталық қалалық балалар кітапханасының мектепке дейінгі және ерте жастағы оқырманға қызмет көрсету бөлімі көбіне орыс мектептерінің балалары арнайы тізіммен келетінін айтты. Балалар арасында қазақ, орыс классик жазушылардың шығармалары мен түрлі ертегілер танымал.

кітаптар, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2022 13:41

Сурет: Zakon.kz

Әдетте кітапханашылар классиктерді ұсынады. Бірақ барлық балаға классика қызық болмауы мүмкін. Сол үшін таңғажайып оқиғалар, ертегілер және детектив, фантастика жанрындағы кітаптар ұсынылады. Сосын барып өзіміздің қазақ, орыс классиктерін, одан кейн Еуропа, АҚШ авторларының шығармалары беріледі. Кітапханаға бір келген бала көп жағдайда тұрақты келушілердің біріне айналады. Кішкентай кезінде келіп, содан бері кітапханашылардың көз алдында өсіп келе жатқан жеткіншектер бар.

Ал 5 пен 9-сынып оқушыларына қызмет көрсететін бөлімнің меңгерушісінің айтуынша, орта буын оқушыларынан қазақ мектептерінен де, орыс мектептерінен де балалар теңдей келеді. Олар көбіне мектепте берген тізімдегі кітаптарды сұрайды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: