Маңғыстау облысындағы ауыз судың жетіспеуі тұрғындарды алаңдатып отыр
Бүгінгі күні ауыз судың жетіспеуі – тұрғындарды алаңдатып отырған өткір мәселенің бірі. Су тұшытатын зауыттардың қуаты әлсіз болғандықтан, қалалар мен ауылдарда жаз кезінде су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Ал, биылғы мамыр айында қала тұрғындары су таситын көліктің кезегінде тұруға мәжбүр болды.
Мұндай жағдайға шыдап отыруға болмайды. 2025 жылға қарай облыста суға деген сұраныс 260 мың текше метрге дейін өсуі мүмкін. Мен бес жыл ішінде өңірдегі барлық қалалар мен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде міндет қойып отырмын. Әкімдік бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Менің тапсырмаммен жыл аяғына дейін 12 ауыл орталықтан берілетін су жүйесіне қосылатын болады. Өңірде 2025 жылға дейін су тұшыту жөніндегі 9 жоба, магистральді су құбырын салу және қайта жаңғырту жөніндегі 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, мерзімі созылып бара жатқан жобалар да бар. Президент
Президенттің сөзінше Кендірлі ауылындағы су тұшытатын зауыттың құрылысын бастау керек. 33 жыл бұрын пайдалануға берілген Астрахань – Маңғыстау су құбыры әбден тозған. Оны жаңғырту және кеңейту жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Үкімет және «Самұрық-Қазына» қоры барлық жұмыстарды мерзімінде орындауға тиіс.
«МАЭК-Қазатомпромның» қуатын арттыруға ерекше көңіл бөлген жөн. Өңірдің үздіксіз дамуына және халық санының өсуіне байланысты инженерлік жүйені жаңғырту мәселесі туындап отыр. Қазір коммуналдық инфрақұрылымның шамасы жетпей жатыр. Өңірге су, жылу және электр энергиясын негізінен «МАЭК-Қазатомпром» компаниясы береді. Бірақ, бұл кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың 80 пайызының тозығы жеткен. Бұған дейін өңірге жұмыс сапарымен келгенде кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған едім. Үкімет оны жүзеге асыруға қажетті қаржы көздерін қарастыру керек. Көпке созбай, жуық арада жұмысты бастауымыз қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев
Облыс тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе – коммуналдық қызметтің сапасы. Қазір Ақтау қаласының инженерлік жүйесінің 75 пайызы ескірген. Үкіметке облыс орталығының инженерлік жүйесін қайта жабдықтауға қажетті қаражат бөлуді тапсырамын, деді Президент.
Ақтау қаласындағы құрылыс мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Біз Ақтау қаласын еліміздің басты туризм орталығының бірі ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Теңіз жағасындағы қала қазіргі заманғы озық талаптарға сай болуға тиіс. Облыс орталығындағы ескі үйлердің мәселесін шешу қажет. Қалада мұндай 280 үй бар. Үкіметке Ақтау қаласындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жаңаөзенді кешенді дамыту мәселесіне баса назар аудару қажет. Ондағы күрделі түйткілдерді шешуге 580 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл – бір қала үшін қомақты қаржы. Оны мақсатына сай тиімді жұмсау қажет. Жалпы, облыс әкімдігінің Жаңаөзенді дамыту үшін қабылдап жатқан шаралары толық орындалуға тиіс. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды созбалаңға салмай дер кезінде іске асыру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев