Украинадағы Қазақстан дипломаттары сайлауға қатысу үшін Варшаваға келіп жетті
20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сайлауды 2022 жылдың күзінде өткізуді ұсынған болатын.
"Біз жаңа ғана Польша территориясына аяқ бастық, шекарадан өттік. Біздің барлық дипломатымыз 20 қарашада Қазақстан президенті сайлауына қатысатын болады. Сайлау учаскесі тек Варшава қаласында бар, ал Молдовада жоқ". Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев
Қазақстанның Украинадағы елшілігінің бағалауы бойынша, қазіргі уақытта мұнда 600-ге жуық қазақстандық тұрады. Олар, негізінен, қазақстандық төлқұжатқа ие этникалық украиндар.
"Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда украиндар көп болған, қазір олардың көпшілігі Украинаға оралған, отбасыларымен осында тұрақтаған. Арасында кәсіпкерлер де бар. Біз барлық азаматтарымызға Варшавадағы сайлау учаскесінің мекен-жайын хабарлап жеткіздік. Қазақстанның Польшадағы елшілігі осы қалада сайлауды ұйымдастырумен тікелей айналысады". Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев
Украинада тұрып жатқан қазақстандықтардың қаншасы президенттік сайлауға қатысуға ниетті екенін нақты айту қиын, өйткені Дархан Қалетаевтың айтуынша, бұл қиын-қыстау кезеңде Украинадан Польшаға жетудің өзі оңай емес.
"Киевтен Варшаваға дейін - 1 000 шақырым. Кімдер келе алады, солар дауыс береді. Біздің азаматтар өз бетімен жол тауып келеді, мұнда пойыздар мен автобустар қатынайды". Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев
ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жалғас Әділбаевтың ақпараты бойынша, Қазақстанның Польшадағы елшілігі жанынан дауыс беруге арналған учаске құрылды. Бүгінгі таңда қазақстандық сайлаушылар тізімінде Украинада тұратын 11 адам тіркелген.