"Amanat" партиясындағы Асхат Ораловтың орнын Елнұр Бейсембаев басты
"Amanat" партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қаулысымен партияның Атқарушы хатшысы болып Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев тағайындалды", делінген партияның хабарламасында.
"Amanat-тың" бұрынғы атқарушы хатшысы Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған болатын.
Айта кетсек, Бейсенбаев Елнұр Сабыржанұлы - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.
Ол 1986 жылы 27 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Саясаттанушы, әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Еңбек жолын "Жастар үні" жастар қоғамдық ұйымында маман ретінде бастап, кейіннен 2009 жылы төраға болып тағайындалды.
2012-2015 жылдары тарих пәнінің мұғалімі, Қазақстан коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалында идеология және насихат жөніндегі хатшы қызметтерін қоса атқарған.
2016 жылдан 2017 жылға дейін Алматы қаласы әкімдігінің жастар жобалары және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы;
2017 жылы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу барысында волонтерлар жұмысын ұйымдастыруға басшылық етті.
2017 жылдан 2018 жылға дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тәрбие жұмысы департаментінің директоры болып жұмыс атқарды.
2019 жылы - Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі.
2020 жылы "Nur Otan" (қазіргі Amanat) партиясы жанындағы "Jas Otan" Жастар қанатының төрағасы болып сайланды.