Елімізде журналистің қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті күшейтпек
Атап айтқанда, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің түсіндіруінше, қазір мұндай норма жоқ.
Кейінгі 5 жылда ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы бойынша (Журналистті ақпаратты таратуға мәжбүрлеу немесе таратудан бас тарту арқылы оның заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау, журналиске заңды кәсіптік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіретін жағдай жасау немесе оны бұл мүмкіндіктен толық айыру) бар болғаны 9 сотқа дейінгі тергеу фактісі тіркелген. Құқық қолдану тәжірибесі ең әуелі әкімшілік жауапкершілікті қосымша енгізу қажет екенін көрсетеді.
Осыған байланысты Әкімшілік кодекске журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті көздейтін норманы толықтыру ұсынылып отыр. Бұл норма ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабының бірінші бөлігін "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексіне ауыстыру арқылы жүзеге асады.
Құжат 31 қаңтарға дейін қоғам талқылауы үшін Ашық НҚА сайтына жарияланған.
Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі де "БАҚ туралы" заң жобасын және оның тұжырымдамасын әзірледі. Заң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. ҚР Конституциясына сәйкес телерадио хабарларын тарату субъектілерінің құқығы мен міндеттерін және бұқаралық ақпарат құралдары бостандығының мемлекеттік кепілдіктерін белгілейді.