Сенат сайлауы: Шымкентте дауыс берудің алдын ала нәтижесі жарияланды
Сағат 11.00-де Қазақстанның бүкіл өңірінде мәслихат депутаттары Сенат депутаттығына үміткерлерге дауыс беруді бастағанын хабарлады. Көп ұзамай, бірінші болып ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына Шымкент қаласынан түскен үміткерлерге дауыс берудің алдын ала нәтижесі жарияланды.
Шымкент қаласынан Сенат депутаттығына үш кандидат тіркелген. Дауыс беруге қалалық мәслихаттың барлық деңгейдегі сайлаушылары-депутаттары жиналып, оған 30 адам қатысты. Ең көп дауысқа қазіргі Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров ие болды (23 дауыс), делінген ҚР ОСК хабарламасында.
Шымкент қалалық мәслихаты тұрақты комитетінің төрағасы Альбина Елшиева 4 дауыс иеленсе, ал Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының директоры Бауыржан Алтеев 3 дауысты місе тұтты. "Барлығына қарсымын" деп дауыс бергендер жоқ.
Нұрлан Бекназаров 2018 жылдан бері Сенат депутаты болып табылады.
Ол 1964 жылы 12 маусымда дүниеге келген.
Білімі жоғары. Инженер - құрылысшы; инженер - экономист; экономист - қаржыгер; заңгер.
- 1984-1992 жылдары Шымкент қаласы Қажымұқан атындағы Орталық стадионында әдіскер, инженер, бас инженер, директордың орынбасары, директоры.
- 1992-1996 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік сақтандыру фирмасының облыстық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі басқарманың бастығы, бас директорының бірінші орынбасары.
- 1996-2003 жылдары "Сенім" ЖАҚ, "Санур" ЖШС, "Трансойл" АҚ филиалдары директорының орынбасары, вице-президенті.
- 1999-2016 жылдары Шымкент қалалық мәслихатының II, III, IV, V, VІ шақырылымдарының депутаты болып сайланды.
- 2003-2011 жылдары Шымкент қалалық мәслихатының тексеру комиссиясының екі шақырылымының төрағасы.
- 2011-2018 жылдары Шымкент қалалық мәслихатының үш шақырылымның хатшысы.
- 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі.
Үйленген, төрт бала тәрбиелеп отыр.