ЕҚЫҰ сарапшылары Қазақстандағы сайлау жүйесінің реформасына оң баға берді
Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы байқаушыларының миссиясы – сайлау процестерін ұйымдастыру шарттарын және олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін талдау. Бұл туралы Сыртқы істер министрігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
"3 наурызда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы алдағы ҚР парламентіне сайлауды байқау жөніндегі комиссияның аралық есебін жариялады. Аталған есепте сарапшылар Қазақстанда жүзеге асырылған сайлау жүйесінің реформасына оң баға беріп, оның кейбір ережелері Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының алдыңғы ұстанымдарына сәйкес келетінін мәлімдеді. Атап айтқанда бұл - сайлау шегін төмендету, тікелей дауыс беру арқылы толық сайланатын мәжілісті енгізу сонымен қатар партияларды тіркеуге қойылатын талаптарды жеңілдету", - деді Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Смадияровтың айтуынша, сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының сайлау процесін ұйымдастыру жөніндегі жұмысы оң бағаланып отыр. Есепті еуропадағы қаіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның сайтынан толығымен көруге болады. СІМ сайлау процесін ұйымдастыру бойынша сұрақтар болған жағдайда оларды тікелей ОСК-ға жіберуді сұрады.
Сонымен бірге Айбек Смадияров шетелдегі азаматтарды елшіліктерге хабарласып, сайлауға қатысу үшін тіркелуге шақырды.
"Шетелдегі сайлау процесін уақытылы және толықтай дайындау мақсатында Қазақстан азаматтарын жақын маңдағы сайлау учаскесіне алдын-ала хабарласып, сайлаушылар тізіміне енгізу үшін мәлімет беруін сұраймыз. Учаскелердің байланыс деректері Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында қолжетімді болады", - деді Айбек Смадияров.