Әлихан Смайылов: Қазақстан ЖЖМ өндірісін айтарлықтай арттырады
Әлихан Смайылов көмірсутек шикізатының ресурстық базасын және оны әрі қарай өңдеу үшін өндірістік қуаттарды ұлғайту бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
"Ішкі нарықта ЖЖМ тапшылығын жою үшін Шымкент МӨЗ өндірістік қуатын жылына 6 млн-нан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда", — деді Премьер-Министр.
Бұл ретте ол биыл Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталатынын мәлімдеді. Жалпы газ саласында жылына қосымша 4 млрд текше метрге дейін газ алуға мүмкіндік беретін заңнамалық нормалар қабылданды.
Cондай-ақ Үкімет басшысы мұнай-химия саласында қуаттылығы жылына 319 мың тонна бутадиен және басқа ілеспе тауарларды өндіруге мүмкіндік беретін жоба іске асырылып жатқанын еске салды. Бұл ретте қазіргі таңда қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна болатын полиэтилен өндіру бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Инвестициялардың жалпы көлемі $8,7 млрд-ты құрайды.