Астана әкімі елордадағы су мәселесінің қалай шешілетінін айтты
Ол атап өткендей, қосымша 105 мың текше метр су жеткізу үшін үшінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба ағымдағы жылдың шілде айында аяқталады деп мәлімдеді.
«Сумен жабдықтауды одан әрі тұрақтандыру үшін біз Нұрын жер асты суы кен орнынан су құбырын тарту, Тельман сорғы стансасын кеңейту, сондай-ақ Сәтбаевтан су алу нүктесі бар төртінші сорғы және сүзгі стансасын жобалау шараларын іске асыра бастаймыз», - деді Жеңіс Қасымбек Елбасының қатысуымен өткен елді дамытуға арналған кеңесте.
Сондай-ақ Астана әкімі жыл соңына дейін елорданы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспары қабылданатынын айтты. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылатын болады.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін бизнеспен бірге Астанада 60 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Жұмыс орындарының көпшілігі шағын және орта бизнес секторында ашылады.
Әкім атап өткендей, ең маңызды мәселе – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Оның айтуынша, қала билігі бағаны тұрақтандыру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде жағдай тұрақтанды.
Наурыз айында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Астанада ауыз судың азайғаны туралы ақпарат пайда болды. «Астана су арнасы» МКК жобалық қуаттардың тапшылығына байланысты су қысымын реттеу шараларын қабылдауға мәжбүр болғанын, бұл өз кезегінде қала халқының өсуі мен қарқынды дамуымен байланысты деп түсіндірді.