Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін 30 558 адам тұрады
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, кейінгі 10 жылда Қазақстанда адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) инфекциясымен сырқаттанушылық 2 есеге артты. Жұқтырылған иммун тапшылығының синдромынан (ЖИТС) болатын өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есе төмендеді (2018 жылғы 1,5-тен 2022 жылы 0,9-ға).
"2022 жылдың қорытындысы бойынша елде АИТВ-мен өмір сүретін 30 558 адам тұрады. 2022 жылы 3 877 жаңа жағдай тіркелді (100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 20,3 құрады), бұл ретте еркектер әйелдерге қарағанда 2 есе көп (67,2%/32,8%) анықталды. 82%-ы 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті халыққа тиесілі. Жыныстық жолмен берілу басым - 75%-ды, содан кейін инъекциялық жолмен берілу - 20%-ды құрайды", - деді Ажар Ғиният.
Қазақстанда АИТВ инфекциясы тұрақты сатыда (0,3%) сақталуда және еліміздің барлық өңірлерінде тіркелген. Айта кету керек әлемдік орташа көрсеткіш – 0,7%. Министрлік АИТВ инфекциясының профилактикасы бойынша жұмысты бес негізгі көрсеткіш бойынша тұрақты бағалауды жүргізеді.
Мысалы, 7 облыста: Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан областырында, Астана және Алматы қалаларда сырқаттанушылық Қазақстан Республикасы бойынша орташадан жоғары (Қазақстан бойынша 100 мың халыққа сырқаттанушылық - 20,3). ЖИТС-тен (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) болатын өлім-жітім 6 облыста орташа республикалық көрсеткіштен жоғары (100 мыңға шаққанда 0,9): Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 4 есе артық.
"АИТВ инфекциясы эпидемиясының жайылған кезеңге өтуін, яғни халықтың арасында кең таралуын сипаттайтын көрсеткіш (жүкті әйелдер арасында 1% немесе одан да көп таралу деңгейінде) - жүкті әйелдердің арасында таралуы. Республика бойынша бұл көрсеткіш төмен деңгейде - 0,13, бірақ 7 өңірде орташа көрсеткіштен жоғары (Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары және Алматы қ.), Шығыс Қазақстан облысында таралуы ең жоғары (0,59)". Денсаулық сақтау министрі
Ажар Ғиният өкінішке қарай, халықтың негізгі топтарының арасында осы инфекцияның профилактикасы үшін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті пайдаланылмайтынын айтты.
"Олар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруда және аурудың жаңа жағдайларын анықтауда маңызды рөл атқарады. Тек 6 өңірде: Түркістан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Астана, Шымкент қалаларында 7 үкіметтік емес ұйым («Қоғамдық денсаулық сақтау институты», «Денсаулық жол – 1», «Бәйшешек», «Беріспей өмір сүру», «Болашаққа қадам», «Алаш жастар одағы») мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алды, ал елде 44 үкіметтік емес ұйымдар бар. Қалған өңірлерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс кейінгі жылдары бөлінбейді. Ал бұл елдің эпидемиологиялық жағдайына ықпалын тигізеді", - деді министр.