Тоқаев Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еурокомиссар жөнінде: Біздің елімізбен айрықша байланысыңыз бар
ҚР Президентінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Януш Войчеховскийге Астана халықаралық форумына спикер ретінде қатысқаны үшін алғыс айтты
"Біздің елімізбен айрықша байланысыңыз бар екенін біліп, таңғалдым. Қадірлі анаңыз Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанда өмір сүріпті. Сондықтан сіздің сапарыңызға өте қуаныштымыз. Елімізде поляк диаспорасы тұрады. Әрі біздің ортақ мәдени мұрамыз бар. Бенедикт Поляк, Адольф Янушкевич, Густав Зелинский, Александр Затаевич секілді тұлғалар Қазақстанның мәдени дамуына елеулі үлес қосты", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ірі сауда серіктесі саналатын Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың стратегиялық сипатына назар аударды.
"Жақында Қырғызстанда "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" жаңа форматында кездесу өткіздік. Бұған дейін Астанада бірінші кездесу болған. Сондықтан тығыз қарым-қатынас жасау жөніндегі ниетіміз бен ұмтылысымызды көрсету үшін жоғары деңгейдегі осындай кездесулерді өткізіп тұру керек. Биыл жыл басында Еуропалық Одақпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызға 30 жыл толды. Еуропалық Одақпен өзара байланысымызды нығайтуға мол мүмкіндік бар", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еурокомиссарға Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ демократияны дамытуға, адам құқықтарын қорғауға және қоғамда заң үстемдігін орнатуға септігін тигізетін өзерістер туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропалық Одақпен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуеті бар екеніне тоқталды. Оның айтуынша, еліміз дәнді және майлы дақылдарды, сондай-ақ жоғары сапалы органикалық өнімдердің экспортын арттыруға дайын.
Сурет: akorda.kz
Януш Войчеховский құрмет көрсеткені үшін Президентке ризашылығын білдірді
"Менің Қазақстанмен ерекше байланысым туралы айттыңыз. Иә, анам Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанда алты жыл өмір сүрді. Анам сол қиын-қыстау шақта қазақ халқы оларға мейірімділік танытқанын үнемі айтып отыратын. Сондықтан менің Қазақстанға деген көңілім ерекше. Сізді Астана халықаралық форумын табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Сіздің сөйлеген сөзіңізді айрықша ықыласпен тыңдадым. Дұрыс айтасыз, бізге сын-қатерлерді анықтап, түйткілдерді шешу үшін ортақ диалог қажет. Жаһандық деңгейдегі қазіргі күрделі мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі", – деді Еурокомиссар.