Жеңіс Қасымбек президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы баяндады
Атап айтқанда:
- Биылғы 5 айда тартылған инвестиция көлемі 425 миллиард теңгеден асып, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 20 пайыздан артқан;
- 2023 жылы 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 87 миллиард теңге көлемінде қаржы тартуға және 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді;
- Биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік жеңілдікпен берілетін пәтер және 16 үлескерлік құрылыс нысанын салу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр;
- Елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысы аяқталып, қаланың қоғамдық көлік бағдарлары бойынша 400 жаңа автобус пайдалануға беріледі;
- Биыл 150-ден астам аула мен қоғамдық орындарды абаттандыру жоспарланған.
Мемлекет басшысына ауызсу станциясы (ССС-3), жылу электр орталықтары, газ жылу станциялары құрылысының барысы туралы мәлімет берілді. Мысалы, ССС-3 станциясы пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты тәулігіне 100 мың текше метр су жеткізуге жетеді. ССС-3 станциясының бірінші кезеңін маусым айының соңында, екінші кезеңін биыл тамызда іске қосу жоспарланып отыр. Бұған дейін Астана су қоймасынан су құбырын тарту жұмыстары басталған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық жөнінде бірқатар тапсырма берді.