Сенаторлар сұйытылған газ және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты түзетулерді мақұлдады
Сурет: senate.parlam.kz
Сенат депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Парламент сенатының депутаты Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, кейінгі уақытта елімізде сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзектілікке ие болды. 2022 жылғы қаңтарда болған оқиғалар газ саласын реформалаудың бастауы болды.
"Бұл құжатта, толығырақ тоқталғым келетін бірқатар маңызды новеллалар қарастырылғанын атап өткім келеді. Бірінші. Жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын мемлекеттік реттеу белгіленеді. Бұл ретте, жеткізу жоспары шеңберінде тауарлық газды немесе сұйытылған мұнай газын өткізетін тұлғалар үшін белгіленген шекті бағадан асып кетуге жол бермеу туралы міндеттеме белгіленеді", - деді Сүйіндік Алдашев.
Екінші. Жеткізу жоспары шеңберінде сұйытылған мұнай газын бөлу тетігі өзгеріп жатыр, ол төмендегіні қамтиды:
- Энергетика министрлігі тиісті ақпараттық жүйе арқылы өзі айқындайтын тәртіппен жеткізу жоспарын қалыптастырады;
- жергілікті атқарушы органдар (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) Энергетика министрлігі айқындайтын тәртіппен жеткізу жоспары шеңберінде бөлінген сұйытылған газ көлемдерін бөлуді бекітеді;
- сұйытылған мұнай газын өндірушілер мен меншік иелері сұйытылған газдың жеткізу жоспарын орындауға және бөлінген көлемін таратуға міндетті;
- жеткізу жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына газ толтыру станциялары мен пункттерінің, топтық резервуарлық қондырғылардың, автогаз құю станцияларының иелері, сондай-ақ өнеркәсіптік тұтынушылар ие болады.
"Үшінші. Сұйытылған газды өндірушілер үшін сұйытылған газды тек өзінің құю эстакадалары арқылы көтерме сатуды жүзеге асыру міндеті белгіленеді. Бұл ретте, тиісті инфрақұрылымды дайындауды талап ететін бұл норма 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Сұйытылған газды сатып алу құқығы бар тұлғалар үшін де тиісті шектеулер белгіленеді. Осылайша, бір газ толтыру станциясын бір уақытта екі және одан да көп тұлғаның пайдалануына тыйым салынады. Бұдан басқа, газ толтыру станциялары мен пункттерінің иелері үшін сұйытылған газды сақтау, төгу және құю жөніндегі өндірістік кешендер объектілерін үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігі алынып тасталады". Депутат Сүйіндік Алдашев
Төртінші. Тұрмыстық баллондарды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оларға газ құю тек газ толтыру станциялары мен пункттерінде рұқсат етіледі.
Бесінші. Заңмен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірқатар өзгерістер ұсынылады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден кейін көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару нысандарының бірі ретінде пәтер иелері кооперативтерін қалдыру бөлігінде түзетулер көзделген. Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектісінің желілеріне қосылуға техникалық шарттардың қолданылу мерзіміне шектеу қойылады (үш жылдық) және беру мерзімдері ұлғайтылады", - деді сенатор.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript