Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрғақшылыққа және су болмауына байланысты проблемаға кезіккен
Республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын жалпы алаң 24,0 млн га болды (бұл 2022 жылмен салыстырғанда 651,8 мың гектарға көп). Оның 17,4 млн. гектарынан дәнді дақылдар жиналады. Бұл туралы үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады.
Оның сөзінше, биыл егу науқаны сапалы тұқымдарды пайдалана отырып, оңтайлы уақытта жүргізілді. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында енгізді, арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу уақтылы жүргізілді.
Дегенмен биыл вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрғақшылыққа және суармалы судың болмауына байланысты бірқатар проблемаларға кез болған. Бұл дақылдардың жай-күйіне әсер етпей қоймаған.
"Мысалы, облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша бүгінде дәнді дақылдар егісінің 45,1%-ы (7,8 млн.га) жақсы, 46%-ы қанағаттанарлық (8 млн. га) және 7,5%-ы нашар жай-күйде (1,3 млн. га). Бұл ретте, 181 мың гектар немесе астық дақылдарының 1%-ы жойылған. Мұндай жағдай негізінен Павлодар облысында болды. Бұл ретте көрсеткіш орташа көпжылдық көрсеткіштен (2,4%) төмен екенін атап өтеміз. Салыстырмалы түрде құрғақ деп саналған 2021 жылы дақылдардың 3,8%-ы жойылған". Ербол Қарашөкеев
Сонымен қатар Қырғыз Республикасы жағынан судың аз келіп түсуіне байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша шамамен 7,8 мың гектар зардап шекті. Оның ішінде қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың алаңы 1,2 мың гектар болды.
"Сіздің тапсырмаңызға сай өңірлік ауқымда төтенше жағдай жариялау және фермерлердің шығынын жабу, республикалық бюджеттен субсидияны толық көлемде жеделдетіп төлеу және фермерлердің қайтаратын кредиттерінің мерзімдерін ұзарту жұмысы істеліп жатыр". Ербол Қарашөкеев
Жалпы егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикада 149,9 мың трактор, 38,6 мың астық жинайтын комбайн, 13,5 мың орақ бар.